Павлодарлық құтқарушылардың автопаркі арнайы техникамен толықтырылды

Павлодарлық құтқарушылардың автопаркі арнайы техникамен толықтырылды
Фото: Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті

Құтқарушылардың су айдындарында іздестіру-құтқару операцияларын жүргізу мүмкіндігі едәуір артты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Marlin 830» қайығы заманауи байланыс және навигация құралдарымен, соның ішінде ДЗҚ радиостанциясымен жабдықталған, бұл құтқару жұмыстарын жылдам әрі тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қайықта сондай-ақ суық кезеңдерде сүңгуірлік жұмыстарды жүргізуге арналған арнайы құрғақ костюмдер бар. Бұл қайық патрульдеу және адамдар мен жабдықтарды тасымалдау үшін қолданылатын болады.

– «Marlin 830» моделі құтқару тобы мен сүңгуір жабдықтарын орналастыру үшін жеткілікті көлемге ие және 10 адамға дейін тасымалдауға мүмкіндік береді. Қайықтың беріктігі мен жоғары маневрлік қабілеті оны қауіпті жағдайларда тиімді пайдалану мүмкіндігін береді. Оның сенімділігі мен техникалық сипаттамалары құтқарушыларға қауіпсіз және тиімді жұмыс жасауға жағдай жасап, төтенше жағдайларға жылдам әрекет етуге септігін тигізеді, – деді ведомствода.

Бұл қайық оқиға орындарына жылдам жетуге, құтқару және сүңгуірлік жұмыстарды тиімді жүргізуге, сондай-ақ судағы төтенше жағдайлардың салдарын азайтуға көмектеседі, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.