Ата-анасы мас: Екібастұзда үш бала түтін басқан пәтерден құтқарылды

Ата-анасы мас: Екібастұзда үш бала түтін басқан пәтерден құтқарылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аталған фактіге қатысты материалдар сотқа жолданды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Екібастұз қаласының полиция қызметкерлері, патрульдік қызмет инспекторы Алмаз Нұрмағамбетов, Темірлан Шадыров, Мейірман Еркін және ювеналды полиция қызметкері Арайлым Мұхамеджанова Абай көшесіндегі үйде пәтерден түтін шығып, екінші қабаттың балконынан балалар көмек сұрап жатқаны туралы шақыру түскен кезде патрульде жүрген. Қатты түтін шамамен сағат 01.00-де басталған. Оқиға орнына келген полицейлер көмек сұрап айқайлаған дауысты естіп, дереу екінші қабатқа көтерілген, бірақ есіктер ішінен құлыпталып тұрған. 

– Балалармен жабық есік арқылы сөйлесіп,  есікті ашуды өтіне бастадық. Есік ашылған кезде ішіндегі жас балаларды көтеріп, пәтерден шығара бастадық. Сондай-ақ бөлмеде мас күйінде ұйықтап жатқан ата-аналарды көрдік. Оларды оянғаннан кейін сыртқа шығардық. Жедел жәрдем келген соң балалар мен ересектер тексерілді. Балалар ауруханаға жатқызылды. Біз тек өз міндетімізді орындадық. Мұндай жағдайда әр минут өлімге әкелуі мүмкін. Құтқарылған ата-аналар алғыс айтты, ең бастысы, бәрі аман қалды, – деді Екібастұз қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция инспекторы Алмаз Нұрмағамбетов. 

Пәтерде адамдар қалмағанына көз жеткізген тәртіп сақшылары пәтерден шығып кеткен. Дегенмен, кейін полиция қызметкерлері отбасының жалдамалы пәтерде шамамен бір ай тұратынын анықтаған. Үш баланың үлкені – бес жаста, ортанғысы – үште, ең кішісіне – бір жас, тоғыз ай. Ата-аналар үйде мас болған. Кәмелетке толмаған балалардың анасы кешкі асты жылытпақ болып,  кастрюльді электр пешіне қойған да төсекке құлай кеткен. Олар пәтерде не болғанын полицейлерден білген. 

Медициналық куәландырудан кейін полиция қызметкерлері заңды өкілдерінің кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ олардың күтімі жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін ата-анасына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырып, материалдар сотқа жолданды. 

Сондай-ақ, заңды өкілдердің тәртібі кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық комиссияда қаралып, алты ай мерзімге ата-ана құқықтарынан шектеу туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта Екібастұз қаласының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі материалдар дайындауда.

Емдеу курсынан өткеннен кейін жас балалар мемлекеттік мекемелерге тапсырылады.