Павлодар әкімі мектептердің жөндеу сапасына қатысты ескертулер берді
Павлодарда барлығы 11 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала бойынша жұмыс сапары барысында шаһар басшысы Хасар Хабылбеков №11 және 35 мектептердің күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Тексеру барысында мердігерге жұмыстың сапасы мен аяқталу мерзіміне қатысты ескертулер берілді.
– №11 мектепте аумаққа кеспе тас төсеу, футбол алаңын салу жұмыстары жүргізілуде. Алаңның астына сапасыз бетон құйылып жатқанын көрдім. Мердігерге бұл жұмысты екі апта ішінде тиісті сапада аяқтауды тапсырдым, – деп бөлісті Хасар Хабылбеков Instagram парақшасында.
Сонымен қатар, ол №35 мектепте жұмысшы тапшылығы және құрылыс материалдарының кешігіп жатқанын байқаған. Білім бөліміне бұл мәселе бойынша тікелей жеткізушілермен жұмыс жасауды, сондай-ақ учаскедегі жұмысшылар санын арттыруды тапсырған.
Қалада барлығы 11 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша қала әкімі жауапты тұлғаларға құрылыс сапасы мен нысандардағы жұмыстар мерзімінде аяқталуын қадағалауды тапсырды.