Ауыл мектептері бірігуде: Павлодар өңірінде «Мектептер альянсы» құрылды
Жетекші мектебінде ауыл мектептерінің стартап-жобалары таныстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласына қарасты Жетекші ауылының Жетекші жалпы орта білім беру мектебінде «Мектептер альянсы» зертханалық шеберлік сабағы өтті. Ауқымды шараға өңірдегі 11 ауыл мектебінің үздік әдістемелік бірлестіктері қатысты. Педагогтер өздерінің білім беру саласындағы әзірлемелерін таныстырып, озық тәжірибелерімен бөлісті және оқытудың жаңа тәсілдерін талқылады.

Альянс құру бастамасын Жетекші мектебі көтерген. Алғашында бұл бірлестік Павлодар қаласының іргесіндегі ауыл мектептері арасындағы ынтымақтастық алаңы ретінде жоспарланған. Алдағы уақытта оған облыс аудандарындағы білім беру ұйымдарын да қосу көзделіп отыр. Бұл педагогтердің кәсіби байланысын кеңейтіп, тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін арттырмақ.
Кездесуді ашқан Жетекші мектебінің директоры Естай Рысбек қатысушыларды құттықтап, мұндай бастамалардың қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығын азайтудағы маңызын атап өтті.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы оқушылардың тұрғылықты жеріне қарамастан, барлығына бірдей мүмкіндік жасауды міндет етіп отыр. Осы мақсатқа жетуде тәжірибе алмасу, бірлескен жобалар мен педагогтердің кәсіби ынтымақтастығы маңызды рөл атқарады.
– 11 мектептің әрқайсысы өз мүмкіндігін көрсетіп, қызықты идеялары мен әзірлемелерін ұсынады деп сенемін. Ең бастысы, ынтымақтастығымыз нәтижелі болып, жинақталған тәжірибе білім беру үдерісінде нақты қолданыс табуы керек, – деді Естай Рысбек.
Шеберлік сабағының негізгі бөлімдерінің бірі Жетекші мектебінің стартап-жобаларын таныстыруға арналды. Атап айтқанда, мұғалімдер мен оқушылар Павлодар облысының цифрлық тарихи-географиялық картасын ұсынды. Жоба заманауи технологиялар арқылы туған өлкенің тарихын, табиғатын, мәдениеті мен рухани мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған.
Цифрлық платформада өңірдің тарихы мен киелі жерлері, географиясы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, халқы мен демографиялық ерекшеліктері, өнері және мәдени мұрасы туралы мәліметтер жинақталған. Жобаның басты артықшылығы – қолжетімділігі. Енді оқушылар сабақ үстінде облыстың кез келген ауданы туралы жүйеленген ақпаратты бір сәтте ала алады.
Әзірлеушілер платформаны жаңа деректермен толықтыру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Осы мақсатта облыстық архив ісі басқармасымен, археологиялық орталықпен және музейлермен ынтымақтастық орнату жоспарланған. Сонымен қатар ашық дереккөздер мен халық ауыз әдебиетіндегі аңыз-әңгімелер де пайдаланылуда. Оқу жылының соңына дейін ақпараттық базаны толықтырып, дайын білім беру өнімін ұсыну көзделген. Болашақта жобаны республикалық деңгейге шығару да жоспарда бар.

Таныстырылған тағы бір жоба – оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған ZerdeLab білім беру тренажері. Оны Атамекен ауылының №32 мектебінің өкілі Айдана Төлекова таныстырды. Сегізінші сынып оқушыларына арналған жоба қазір мектепте сынақтан өткізіліп жатыр. Алғашқы нәтижелері де көңіл қуантады.
Басқосу барысында қатысушылар жасанды интеллект пен цифрлық құралдарды оқу үдерісіне енгізу, пәндерді кіріктіріп оқыту, функционалдық және қаржылық сауаттылықты дамыту, заманауи білім беру технологияларын қолдану мәселелерін де талқылады.

Қазылар алқасының мүшесі, Павлодар облысы білім беру басқармасының Білім беруді дамытудың инновациялық орталығының әдіскері Нағима Жолдыбаева қазіргі таңда әдістемелік жұмыстың дәстүрлі семинарлар шеңберінен шығып, нақты білім беру өнімдерін әзірлейтін кәсіби алаңға айналуы қажеттігін атап өтті.
– Біздің басты міндетіміз – тек тәжірибе алмасу емес, кәсіби диалог алаңын қалыптастырып, одан әрі ынтымақтастық орнатудың мүмкіндіктерін қарастыру. Қазіргі мектеп жасанды интеллект пен цифрлық құралдарды енгізу, функционалдық және қаржылық сауаттылықты дамыту, пәндерді кіріктіріп оқыту сияқты жаңа міндеттермен бетпе-бет келіп отыр. Бүгін ұсынылған бастамалар педагогтеріміздің ізденісі мен шығармашылық әлеуетінің қаншалықты кең екенін көрсетеді. Олардың барлығын біріктіретін ортақ мақсат – білім сапасын арттыру, – деді Нағима Жолдыбаева.
Зертханалық шеберлік сабағы ауыл мектептерінің желілік қауымдастығын дамытудағы алғашқы ауқымды қадам болды. Ұйымдастырушылар «Мектептер альянсы» педагогтер бірлесіп білім беру жобаларын әзірлейтін, жаңа әдістемелерді сынақтан өткізетін және үздік тәжірибелерді бүкіл өңірге тарататын тұрақты алаңға айналады деп үміттенеді.