Павлодар облысында шылым шегетін әйелдер арасында онкология көбейген
Өңірде онкологияға шалдыққандардың көбі – шылымқорлар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық онкологиялық диспансер директорының орынбасары Тельман Әлғожин мәлім етті.
– Әсіресе шылым шегетін әйел адамдардың арасында қатерлі ісік анықталған жағдайлар артты. Науқастардың 99,9%-ы – шылымқорлар. Олар он жылдан астам күніне бір және одан да көп бумадан шылым атып жүретіндер, – деді ол. – Шылым шегетін адамдар міндетті түрде жылына бір рет скринингтен өтуге міндетті. Себебі, ерте кезде ісікті анықтау емдеуді жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Онколог-дәрігер Ернұр Неғмановтың сөзінше, темегі шегу қатерлі ісікпен қатар созылмалы аурулар – бронхиалды астма, обструктивті және аллергиялық ауруларға әкелуі мүмкін.
– Облыс бойынша жүргізілген ішкі сараптама 2000 жылдарға қарағанда бүгінде өкпеде қатерлі ісіктің пайда болуын, әсіресе әйел адамның арасында көбейіп кеткенін көрсетті, – деді Ернұр Неғманов.
Өкпенің қатерлі ісігіне әкеліп соғатын басты себеп – темекі шегу. Сондай-ақ, шылым ату қуықтың обыры мен төменгі ерінде қатерлі ісіктің пайда болуына әсер етеді. Жалпы жану өнімдерін темекі мен түрлі вейптарды тұтыну обыр жасушаларының пайда болуына әкеледі.