«Айбын-2025»: Павлодарлық сарбаздар үздік үштікке енді

«Айбын-2025»: Павлодарлық сарбаздар үздік үштікке енді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ауқымды шараға 700-ден астам жас қатысып, 50-ден аса команда бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, Ақтөбе облысында X Халықаралық әскери-патриоттық «Айбын-2025» жиыны өтті.

–  Ауқымды шараға 700-ден астам жас қатысып, 50-ден аса команда бақ сынады. Оның ішінде 5 команда шет елдерден келді, – деді басқармада.

Жиын аясында қатысушылар зияткерлік сайыс – «Айбын дарыны», пневматикалық мылтықпен ату, Smart Sarbaz технологиялық байқауы, Калашников автоматын толық емес бөлшектеу және жинау, күштік дайындық, әскери-кросс, әскери эстафета мен арқан тарту сынды жарыстарда өзара мықтыны анықтады.

Бәсекеге толы додада Абай облысы І орынды, Түркістан облысы ІІ орынды иеленсе, Шымкент қаласы мен облысымыздың командалары ІІІ орынды қанжығаларына байлады.

Байқауға қатысушылар «Айбын дарыны» интеллектуалды, «Күшіміз – бірлік» әскери-далалық тактикалық, «Айбын жұлдызы» шығармашылық байқауы, робототехника жарысы, әскерилендірілген эстафета, кросс, АК-74 автоматын бөлшектеу және жинау, пневматикалық мылтықтан ату, белтемірге тартылу және арқан тартып бақ сынады.

Сондай-ақ, жиын барысында әскери техника көрмесі, фильм көрсетілімдері, көшпелі мұражай экспозициясы ұйымдастырылып, қатысушылар «Айбын – достық мекені» саябағына ағаш отырғызды. Ардагерлермен, танымал тұлғалармен кездесулер өтті.

Өңіріміздің намысын қорғаған сарбаздар пневматикалық мылтықпен ату және белтемірге тартылудан I орын иеленді. Белтемірге тартылу бойынша жеке есепте Е.Мұқашев атындағы мектептің оқушысы Расул Мигранов 51 рет тартылып, жеңімпаз атанды.

«Айбын дарыны» интеллектуалды ойынында ақпараттық технологиялар колледжінің студенті Әмина Наукенова және Баянауыл ауданы Шадыра мектебінің оқушысы Бақдәулет Шерияздан II орын иеленді. Ал, арқан тартудан III орын жеңіп алды.

Айта кетейік, команда құрамында Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалалары мен Май, Баянауыл, Шарбақты аудандарының білім беру ұйымдарының оқушылары мен әскери жетекшілері болды.