Айтылды-орындалды: Әуелбек мектебінде жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталды

Нысанды жаңарту «Реновация 2025» бағдарламасы аясында жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қараоба ауылдық округіне қарасты Әуелбек ауылындағы Қ. Ыдырысов атындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстары 15 мамырда басталды. Мекеме директоры Раиса Жақбаеваның айтуынша, жөндеу республикалық бюджеттен қаржыландырылып, жалпы сомасы 380 миллион теңгеден асты.
– Қазіргі таңда керамогранит төсеу, терезелерді пластикке ауыстыру, кабинеттер мен басқа да бөлмелерге есік орнату, бірінші және екінші қабаттағы кабинеттерге линолеум төсеу мен ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталды. Сондай-ақ, баспалдақ алаңдары жөнделіп, қауіпсіз қоршаулар орнатылды, – деді Раиса Жақбаева.
1977 жылы салынған бұл мектеп – екі қабатты типтік ғимарат, 640 оқушыға арналған. Алайда, қазіргі таңда онда бар болғаны 90 оқушы білім алуда.
– Күрделі жөндеу аясындағы барлық жұмыстар өте қажет болды. Әсіресе, инженерлік желілерді жаңарту маңызды еді: су құбырлары үшін полипропилен құбырлар төселді, кәріз жүйесі орнатылды, қолжуғыштар, су жылытқыштар, унитаздар мен араластырғыштар қойылды. Сонымен қатар, ауызсу бұрқақтары орнатылды. Балалардың қауіпсіздігі үшін бейнебақылау және өрт дабыл жүйелері іске қосылды, – деп толықтырды мектеп директоры.
«Реновация 2025» бағдарламасы аясында алғаш рет медбике және технология кабинеттеріне су тартылды. Бұрын бұл бөлмелерде тек құймалы қолжуғыштар тұрған. Бұған дейін екінші қабатта кәріз жүйесі мен дәретханалар болмаған, енді олар кіші және жоғары сынып оқушыларына жеке-жеке жабдықталған.
Республикалық бюджеттен бөлек, облыстық қазынадан да мектепті жабдықтауға қаражат бөлінді: үш арнайы кабинетке – 27 миллион теңге, ал 15 пән кабинеттеріне – 21 миллион теңге.
Сондай-ақ, жаңа жиһаз сатып алу жоспарланған. Оны 20 тамыздан кейін жеткізу көзделіп отыр.
Еске салайық, облыс әкімі Асайын Байханов Ақтоғай ауданына жұмыс сапары барысында жөндеу жұмыстарын 15 тамызға дейін аяқтауды тапсырған болатын. Осы жазда Ақтоғай ауданына қарасты Шолақсор, Балтасап, Жалаулы, Шілікті, Ақжол және Барлыбай ауылдарында әлеуметтік нысандарды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Тексеру кезінде аудан басшылығы су, жылу жүйелері мен инфрақұрылым жағдайына ерекше назар аударды.