«Ақша керек еді»: Павлодарлық тұрғын гаражды ұрлап әкетті

«Ақша керек еді»: Павлодарлық тұрғын гаражды ұрлап әкетті
Фото:pixabay.com

Ол гаражды металлға тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, 39 жастағы ер адам өзінің  үйінің қасында тұрған металл гаражды көріп, оны ұрлағысы келген. Манипулятор жалдап, гараждың ішіндегі барлық заттармен – екі кір жуғыш машина, велосипед, қысқы резеңке жинағын алып кеткен. 

– Мен бұл гараж ешкімге керек емес деп ойлап қалдым. Ішіндегі заттарды сатып, гаражды металлға тапсырдым. Ол кезде мен жұмыссыз едім. Ақша керек болды,– дейді ер адам. 

Жасаған ісі үшін оған бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Қазір ол Павлодар қаласының пробация қызметінің есебінде тұр.

– Сотталушы жұмысқа орналасып, жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеді. Ол жазаны өтеу тәртібін бұзбайды, – деді қалалық пробация қызметінің бастығы Дамир Айдаров.

Сондай-ақ, пробация инспекторлары оны тұрғылықты жері бойынша үнемі тексеріп отырады. Онымен профилактикалық әңгімелер тұрақты түрде жүргізілуде.