Ақсу маңындағы ауылда шөп өртенді
Өрттің шығу себебі мен келтірілген залал анықталуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 15:41-де Қамзин ауылында шөптің өртеніп жатқаны туралы хабарлама түсті. Шақыру орнына өрт сөндірушілер жедел түрде жіберілді.
– Келген өрт сөндіру тобы жеке үйдің ауласындағы ашық аумақта орналасқан үш арбаға тиелген жеті тонна шөптің 36 шаршы метр алаңда жанғанын анықтады. Өрт сөндірушілердің үйлесімді әрі жедел әрекеттерінің арқасында өрт сағат 16:55-те толықтай оқшауланып, оның басқа объектілерге таралуына жол берілген жоқ. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі мен келтірілген залал көлемі қазіргі уақытта анықталуда, – делінген хабарламада.
Өртті сөндіруге Алғабас ауылының өрт сөндіру бекетінен, сондай-ақ ерікті өртке қарсы құрылымнан 16 адам мен 4 бірлік техника жұмылдырылды.