Ақсу мен Екібастұзда бопсалаумен айналысқан топтың жолы кесілді
Зардап шеккендердің қатарында оқу орындарының студенттері мен ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлері бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында құқық қорғау органдары ауқымды арнайы операция жүргізді. Операция барысында бірден екі қалада ұйымдасқан қылмыс ашылды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті қызметкерлері Ақсу және Екібастұз қалаларының аумағында бірнеше рет бопсалау қылмыстарын жасады деген күдікке ілінген адамдар тобының заңсыз әрекетінің жолын кесті.
Алдын ала мәліметтер бойынша, күдіктілер қорқыту арқылы азаматтардан жүйелі түрде ақша талап еткен. Зардап шеккендердің қатарында оқу орындарының студенттері мен ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлері бар.
– Бопсалау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Полиция органдарына 10 адам жеткізіліп, олардың төртеуіне қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта ұсталғандардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы тексерілуде, – деді Павлодар облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Диас Қадыров.
Тінту шаралары барысында ақшалай қаражат, ұялы телефондар, банк карталары, құжаттар және іс бойынша дәлелдемелік маңызы бар өзге де заттар тәркіленді. Сондай-ақ күдіктілер пайдаланған автокөліктер арнайы айып тұрағына қойылды.