Павлодар облысының 150-ден астам тұрғыны ауаның сапасын тексеруді сұраған
Облыс орталығында ауаның жай-күйін бақылау бекеттері бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбековтің айтуынша, тұрғындардан ауаның құрамын, сапасын тексеру бойынша соңғы алты ай ішінде 153 өтініш келіп түскен.
– Біз жүйелі негізде әлеуметтік желілерге мониторинг жүргіземіз. Мысалы, маусым айының аяғында Павлодар қаласының тұрғынынан Instagram желісінде Павлодар мұнай-химия зауыты шығарындыларына сілтеме жасай отырып, Химқалашықта мұнай өнімдерінің қатты иісі туралы ақпарат жарияланды. Сол күні экология департаментінің сынақ зертханасы «Қазгидромет» филиалымен бірлесіп, атмосфералық ауаның сапасына зерттеулер жүргізді, – деді басқарма басшысы.
Сынақ зертханасы атмосфералық ауаның сапасын зерттеу нәтижелері бойынша атмосфералық ауадағы мұнай өнімдерінің рұқсат етілген концентрациясынан асып кеткені анықталмаған.
Айта кету керек, Айманов көшесі, 26-да «Қазгидромет» филиалының атмосфералық ауаның жай-күйін бақылау бекеті орнатылды, тәулігіне үш рет өлшеу жүргізіледі. Онда ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясының асып кетуі тіркелмеген.
– Павлодар қаласының ауасында мұнай өнімдері иісінің болуы ауқымды жол-құрылыс жұмыстарына, яғни асфальт төсеу кезінде битум материалын пайдаланған кезде, қолайсыз метеорологиялық жағдайларда, атмосфералық ауаның жоғары температурасына байланысты болуы мүмкін, – дейді Қанат Мұсапарбеков.
Оған қоса, бірнеше күн бұрын «109» бірыңғай байланыс орталығының қызметіне «Радио зауыт» ауданындағы ластаушы заттардың шығарындыларына өтініш келіп түскен.
Бұл ретте, департаменттің сынақ зертханасы жедел түрде атмосфералық ауаның сапасына зерттеу жүргізді. Жүргізілген өлшеулердің нәтижелері бойынша жоғарыда көрсетілген асып кетулер тіркелмеген.