Ақсу зауытында жұмысшылардың медтексеруі автоматтандырылды

Күнделікті скрининг бірнеше минут қана уақыт алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу ферроқорытпа зауытында енді жұмысшылар ауысым алдындағы және кейінгі медициналық тексеруден өз бетімен өте алады. Бұл процесс бар болғаны бірнеше минут уақыт алады.
Арнайы құрылғылармен жабдықталған орындыққа жайғасу жеткілікті – жүйе автоматты түрде қызметкердің жұмысқа жарамдылығын анықтайды. Автотранспорт және тасыма цехының автокөлік пен механизмдердің үздіксіз жұмыс істеуіне жауапты менеджері Тимур Килибаевтың айтуынша, құрылғылар қан қысымын, жүрек соғысын, дене температурасын және қандағы алкоголь мөлшерін өлшейді. Нәтижелер бірден Qollab корпоративтік қосымшасына және «Еуразия» медициналық орталығына түседі. Егер көрсеткіштер норма шегінен тыс болса, дәрігерлер дереу хабарлама алып, жедел әрекет ете алады.
– Бұрын медбикеге кезек күту керек болатын, ал қазір бәрі оңай әрі жылдам, – дейді Тимур Килибаев. – Зауыттың үш бөлімшесіне – автокөлік, балқыту және теміржол цехтарына – 19 автоматтандырылған медтексеру пункті орнатылды. 2026 жылдың соңына дейін барлық цехты қамтып, құрылғылар санын 37-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Медициналық тексеруді цифрландыру персоналдың топталып жиналуын болдырмай, байланыс санын азайтып, өндірістегі қауіп-қатерді төмендетуге сеп болды. Қазіргі таңда күн сайын зауыт бойынша 760 адам осы аппараттар арқылы тексеріледі, соның ішінде автокөлік цехында күндізгі және түнгі ауысымда 430-ға жуық қызметкер өтеді. Зауытта бар болғаны екі медицина қызметкері жұмыс істейді, алайда автоматтандырудың арқасында олардың жұмысы әлдеқайда тиімді бола түсті.