Павлодар облысының жаңа экологиялық Жол картасы қалай жұмыс істейді?
Кешенді жоспардың келесі кезеңі – газ тәріздес заттар көлемін азайту, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбековтың айтуынша, 2020–2024 жылдарға арналған Жол картасы 33 іс-шараны қамтыған және олардың барлығы орындалды. Биыл ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен облыс әкімдігі жаңа құжатты бекітті.
– Жаңа Жол картасы 2029 жылға дейін шақталған. Оның негізінде өнеркәсіптік кәсіпорындардың жоспарлары жатыр. Стратегияның мақсаты – қоршаған ортаға және адам денсаулығына түсетін экологиялық салмақты азайту. Кәсіпорындарда электр сүзгілері, тазарту қондырғылары орнатылуда. Шаң мәселесі бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз, – деді Қанат Мұсапарбеков.
Негізгі жүктеме өңірдегі энергетикалық кәсіпорындарға тиесілі. Экологтар өндіріс алыптарына күкіртті ұстап қалу үшін күкірт қышқылы цехтарын енгізуді ұсынды.
– Егер бәрі дұрыс жұмыс істесе, зиянды шығарындыларды 20 пайызға дейін азайтуға болады. Бұл Екібастұздағы 1-МАЭС мен 2-МАЭС, сондай-ақ Павлодардағы екі ЖЭО-ға қатысты. Бұл ұсынысқа бейімделу қажет, оған уақыт пен қомақты қаржы қажет, – деп толықтырды департамент басшысы.
Ведомство мамандары атап өткендей, облыста шығарындылар көлемінің төмендеуі байқалады. 2021 жылы өңір кәсіпорындары шамамен 730 мың тонна ластаушы зат шығарса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 670 мың тоннаға дейін азайды. Мұндай үрдіс «Қазақстан алюминийі» АҚ, Павлодар мұнай-химия зауыты, Болат Нқржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС және 2-МАЭС сияқты ірі кәсіпорындардың табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыру нәтижесінде қалыптасты.
Өткен жылы өңір бойынша шығарындылардың шекті көлесі 25 мың тоннаға қысқарып, 926,6 мыңнан 901,5 мың тоннаға дейін төмендеді. Бұл шешім соңғы үш жылдағы нақты деректер негізінде мемлекеттік экологиялық сараптама барысында қабылданды.