Павлодарда патриоттық сана қалыптастыруға бағытталған бейнеподкасттар іске қосылды
Жобаның алғашқы шығарылымдарына өңірге танымал қоғам және мемлекет қайраткерлері шақырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңа медиа жоба аясында патриотизм, ұлттық құндылықтар, заң мен тәртіп, азаматтық жауапкершілік және жас ұрпақ тәрбиесі тақырыптарын қамтитын бейнеподкасттар циклі қолға алынды.
Бейнеподкасттар кәсіби студияда түсіріліп, жоба үшін арнайы Adal Azamat Pavlodar YouTube арнасы іске қосылды. Жаңа цифрлық алаң патриоттық сана мен азаматтық жауапкершілікті дәріптейтін медиаөнімдер мен ақпараттық материалдарды жариялайтын негізгі платформаға айналмақ.
Жобаның алғашқы шығарылымдарында ҚР Халық әртісі Шахимардан Әбілов, Марғұлан университетінің Басқарма Төрағасы – ректор Алтынбек Нұхұлы, Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантайұлы сонымен қатар, өзге де қоғам белсенділері сұхбат берді.
Бейнеподкасттар барысында қоғам үшін өзекті мәселелер талқыланды. Соның ішінде Жаңа Конституция, «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы, «Заң мен тәртіп» қағидаттары, азаматтық жауапкершілік, ұлттық бірлік және жас ұрпақ тәрбиесі туралы пікірлер ортаға салынды.
«BasQaru» қоғамдық қорының жетекшісі, заңгер, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, республикалық сарапшы Марғұлан Ермағанбетұлының айтуынша, заманауи медиа формат қоғамдағы маңызды мәселелерді кең аудиторияға жеткізуге мүмкіндік береді.
– Бейнеподкасттар арқылы азаматтық жауапкершілік, патриотизм және ұлттық құндылықтар тақырыбын ашық талқылауға мүмкіндік бар. Әртүрлі сала өкілдерінің тәжірибесі мен көзқарасын ұсыну арқылы көрерменді ойландыруды және қоғамдық диалогты дамытуға бағытталған мазмұн қалыптастыруды көздейміз, – деді Марғұлан Ермағанбетұлы.
Жоба аясында бейнеподкасттармен қатар қоғамдағы өзекті мәселелерге арналған онлайн-вебинарлар циклі де ұйымдастырылды. 14-18 қыркүйек аралығында өткен «Патриотизм және жауапкершілік: жаңа ұстанымдар мен құндылықтар» атты бес күндік онлайн кездесулерде ұлттық құндылықтар, әскери-патриоттық тәрбие, азаматтық жауапкершілік, кітап оқу мәдениеті және отбасы тәрбиесі тақырыптары қамтылды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, онлайн іс-шараларға өңір тұрғындары, жастар, білім беру саласының қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Әр кездесудің соңында 15 минуттық сұрақ-жауап бөлімі ұйымдастырылып, қатысушылар сарапшылармен тікелей пікір алмасты.
Жаңа медиа жоба алдағы уақытта да патриоттық тәрбие, азаматтық белсенділік және ұлттық құндылықтарды дәріптейтін жаңа шығарылымдармен толықтырылмақ.