Ақсуда газ баллонынан шыққан өрттен әйел адам зардап шекті
Тағы екі адамды ауруханаға жатқызудың қажеті болмады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, оқыс оқиға 3 сәуірде Ақсу қаласындағы Жамбыл көшесі бойында орналасқан жеке тұрғын үйде орын алған. Онда газ-ауа қоспасының тұтануы орын алып, салдарынан өрт шыққан. Газ баллонының көлемі 10 литр. Дәлізде жанған үй заттары кейіннен ағаш шатыр құрылымдарына көшкен.
Тілсіз жауды ауыздықтауға төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінен жеке құрамның 9 адамы және 3 техника жұмылдырылды.
- Өрттен 1970 жылы туған әйел зардап шекті. Күйікпен ол медициналық мекемеге жатқызылды. Жедел жәрдем қызметкерлері тағы екі адамды тексерді. Оларды ауруханаға жатқызудың қажеті болмады, - делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін еске салады. Тұрмыстық және газ жабдықтарының дұрыстығын бақылау, сондай-ақ жоғары қауіптілік көздерін қараусыз қалдырмау маңызды екенін еске салады.