Павлодарда 60 жастағы ер адам есірткімен ұсталды
Ер адамның үйін тінту кезінде қару патрондары мен құрамында ескірткі бар өсімдіктер табылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері есірткі саудасына күдікті Павлодар қаласының 60 жастағы тұрғынын ұстады. Жеке тексеру кезінде одан сұр-жасыл түсті белгісіз зат тәркіленді.
– Сондай-ақ тұрғылықты жерін тінту кезінде белгісіз заттар бар орамдар мен тегіс ұңғылы қарудың әртүрлі калибрлі патрондары, ал үй аумағында орналасқан көлікжайдан құрамында есірткі бар кептірілген өсімдіктер табылды, – деді департаментте.
Зерттеу нәтижелері бойынша алынған заттардың жалпы салмағы 57 грамм болатын «гашиш» есірткі заты екендігі анықталды.
– Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 297-бабының 1-бөлімінде көзделген қылмыс құрамының белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, – деді ПД ЕҚІҚБ басшысының м.а. Арсен Айғазин.
Осы баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлімі бойынша «адам оның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен танылғанға дейін қылмыс жасағаны үшін кінәлі емес деп есептеледі».
Фото: облыстық ПД