Павлодар облысының оқушылары республикалық олимпиадада үздік деп танылды

Павлодар облысының оқушылары республикалық олимпиадада үздік деп танылды
Фото: облыстық білім басқармасынан

Петропавл қаласында қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиадаға қатысқан мектеп командаларының рейтингі қорытындыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шымкент, Тараз және Петропавл қалаларында өткен байқау нәтижесінде Павлодар облысының құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, 22 жүлдені (6 алтын, 8 күміс, 8 қола) иеленіп, Гран-при жүлдесінің иегері атанды.

2026 жылғы 17-21 сәуір аралығында өткен олимпиаданың қорытынды кезеңінде ағылшын, француз және неміс тілдері бойынша еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 164 дарынды оқушы бақ сынады. 

– Бұл – біздің өңір үшін үлкен жетістік. Оқушыларды дайындау жұмыстарына облысымыздың жоғары оқу орындарының ғалымдары тартылып, олар балалармен арнайы жұмыс жүргізді. Сонымен қатар, біздің мұғалімдерімізді ерекше атап өткім келеді. Бұл жаттықтырушылар олимпиадалық қозғалыстың ерекшелігін жақсы меңгерген. Олар күн-түн демей, балалармен тынымсыз жұмыс істеп, жүйелі түрде дайындық жүргізді, – «Ертіс дарыны» өңірлік орталығының басшысы Азамат Шаймұрат.

Облыстық кезең қорытындыланып, команда жасақталғаннан кейін оқушыларды республикалық кезеңге дайындау жұмыстары 1 ақпаннан республикалық олимпиадалар басталғанға дейін жалғасты. 

Алтын медаль мен бірінші дәрежелі дипломды француз тілі бойынша Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған №3 гимназияның 11-сынып оқушысы Тахмина Қожабекова және ағылшын тілі бойынша Екібастұз қаласындағы «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Ернар Арынов жеңіп алды.

– Ернар – өте еңбекқор, мақсатшыл оқушы. Мен оған 7-сыныптан бастап сабақ беремін, сол уақыттан бері оның білімге деген жауапкершілігі, табандылығы және өзіне қоятын талабы ерекше екені үнемі байқалып келеді. Оның дайындық процесі толық жүйелі түрде құрылды, ол тек мектеп бағдарламасымен шектелмей, тұрақты түрде өзіндік ізденіс жүргізіп, қосымша материалдармен жұмыс істеді. Әсіресе практикалық дағдыларға көп көңіл бөлінді. Сонымен қатар уақытпен жұмыс істеу, жылдам ойлау және дәл жауап беру дағдылары тұрақты практика арқылы қалыптасты, – дейді Ернар Арыновтың жетекшісі Жанар Ұятова. 

Ол тек қана олимпиадаға дайындықпен шектелмей, халықаралық IELTS сияқты емтихандарға да жүйелі түрде дайындалған. Мысалы, IELTS-тен тоғыз балдың сегіз балын жинап, жоғары деңгейде көрсеткішке қол жеткізген. 

Бұл жетістіктер – оқушылардың табанды еңбегі мен ұстаздарының кәсіби шеберлігінің нәтижесі. Павлодар өңірінің білім саласындағы бұл жеңісі – жас ұрпақтың көптілділікке деген қызығушылығы мен сапалы білімге ұмтылысының айқын көрінісі.