Павлодарда мас күйінде қанша қылмыс жасалған?
Мас күйінде жүрген тоғыз мыңнан астам азамат жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл өңірде мас күйінде жасалған 610 қылмыс тіркелген. Қала тұрғындары қоғамдық орындарда алкоголь ішіп, аулада, кіреберісте, аялдамада және саябақтарда мас адамдар жүргені туралы 5822 рет 102 нөміріне қоңырау тіркелген.
–Бір тәулік ішінде осындай 36 хабарлама тіркелді, – деп мәлімдеді департаментте. – Мәселен, Торайғыров көшесіндегі үйдің тұрғыны бесінші қабаттағы кіреберісте мас адамның жатқанын хабарлаған. Сол секілді Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі үй маңынан тағы бір мас адам табылған. Сол күні Академик Шөкин көшесінің тұрғындары кіреберістің жанында мас адамдар төбелескелі жатқаны туралы хабарлаған. Полицейлер жедел жетіп, бұзақылықтың алдын алды.
Мас күйінде қоғамдық орында жүргендері үшін кінәлілерді уақытша бейімделу және детоксикация орталығына жеткізіп, кейін әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Айта кетейік, қоғамдық орындарда ішімдік ішу және мас күйінде жүру үшін 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады, ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері 10 АЕК-ке дейін артады. Мас күйде жүргендер туралы 102 нөміріне немесе «Police 102» мобильді қосымшасы арқылы хабарлауға болады.