Ақтоғай ауданында ардагерлер арасында алғаш рет спартакиада өтті

Шара Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жарысты ауданның ардагерлер кеңесі өткізді.
– Бұл ерекше шара ардагерлердің салауатты өмір салтын ұстануына қолдау көрсетіп, спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Осы орайда, жарысқа қатысушылар шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және 3 нүктеден сақинаға лақтыру сияқты спорт түрлерінде бақ сынады, – деді ұйымдастырушылар.
Спартакиадаға 63 жастан асқан ерлер мен 60 жастан асқан әйелдер қатысты.
Жарыс барысында қатысушылар өз шеберліктерін көрсетіп, жеңіске деген жігерлерін байқатты.
– Әсіресе, шахмат пен тоғызқұмалақ ойындарында тәжірибелі ардагерлер өздерінің жоғары біліктіліктерін дәлелдеді. Үстел теннисінде де қызықты әрі тартысты ойындар өтті. Ал 3 нүктеден сақинаға лақтыру сайысы ардагерлердің мергендік қабілеттерін сынауға мүмкіндік берді, – делінген хабарламада.
Шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, оларға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл спартакиада ардагерлердің белсенді өмір сүруіне серпін беріп, олардың өмірге деген құлшынысын арттыратын маңызды қадам болды.