Павлодар өңірінде құтқару бригадаларының жұмысы күшейтілді

Павлодар өңірінде құтқару бригадаларының жұмысы күшейтілді
Константин Шелковтың фотосы

Республикалық маңызы бар тасжолда үш негізгі медициналық-құтқару бекеті бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Әр медициналық көмек бригадасында төрт адамнан жұмыс жасайды Олар: жүргізуші-құтқарушы, дәрігер, мейірбике және психолог.

– Күндізгі уақытта көбіне үш маман шығады, ал диспетчер станцияда қалады – ол орталықпен байланысып, әр шақыртуды бағыттайды, – деді жедел медициналық көмек көрсету бөлімінің дәрігері Жан Қасенов.

Дәрігердің айтуынша, республикалық маңызы бар тасжолдарда үш негізгі медициналық-құтқару бекеті бар: Қалкаман округінде, Аққулы ауданында және Шідерті тас жолында. Бұл бекеттерде мамандар вахталық әдіспен, яғни 15 күн бойы үздіксіз қызмет атқарады. 

– Олармен бірге сол жерде құтқарушылар болады. Себебі бұл алыс аймақ. Егер шұғыл шақырту болса, Екібастұздан немесе Ақсудан жету қиын, – деді Жан Қасенов. 

Арнайы дәрігерлерге көлікте құрал-жабдықтар толық жинақталған. Атап айтқанда, көліктен зардап шеккендерді шығаратын құрылғылар, алғашқы көмек жинақтары, дефибриллятор, кислород аппараты, иммобилизациялық құралдар бар. 

Көпшілік жедел жәрдем мен құтқарушылардың тек медициналық көмек көрсетеді деп ойлайды. Бірақ олардың жанында психологтың болуы міндетті. Ол тек зардап шеккендерге ғана емес, олардың туыстарына да көмек көрсетеді.

– Кейде оқиға орнында адам өлімі орын алады, біреу жылайды, біреу есінен танып қалады, енді бірі өзін кінәлі сезінеді. Біз ол сәтте зардап шеккендерге көмектесеміз, ал психолог туыстарын сабырға шақырады. Егер психолог болмағанда, біз бәріне бірдей үлгере алмас едік, – дейді дәрігер.

Құтқарушылардың еңбегі – көзге көрінбейтін, бірақ қоғам қауіпсіздігінің іргетасы. Әрбір сәтте олардың арқасында ондаған адам аман қалып, жүздеген отбасының үміті үзілмейді.