Баянауылда дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады
Нысан 2025 жылы Жаңатілек ауылында бой көтермек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы Асайын Байханов жұмыс барысымен Баянауыл ауданына барды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Жаңатілек ауылында келесі жылы 796 миллион теңгеге төрт жоба іске асырылады. Оның ішінде 153,2 миллион теңгеге абаттандыру бойынша екі жоба, 122,8 миллион теңгеге ауыл ішіндегі 7,8 км көше жарығын тарту, 30,4 миллион теңгеге балалар ойын алаңын салу, мәдениет спорт бағдарламасы бойынша 398,4 млн теңгеге дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу қарастырылған.
Қосымша ауылішілік жолдарды асфальттауға да жоба жасалған. 244,4 миллион теңгеге төрт километр 640 метрге асфальт төсеу жоспарланып отыр. Бұл жерде алты көше әлеуметтік нысандарға барады.
– Ауылдың жастары осы ауылда қалып, жұмыс істеп жатыр. Халықтан да, жастардан да кешен салу бойынша өтініштер түсуде. Осы орайда, халық саны бойынша бес жылдық мониторинг жасадық. Сараптама қорытындысы бойынша, 10 адамға азайса, балалардың саны 20-ға өскен. Бүгінгі күні 100-ге жуық жуық нөлден бес жасқа дейін бала бар. Мектепте 164 бала білім алады, – деді Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев.
Оның сөзінше, Жаңатілек ауылында бос үйлер жоқ, ал жаңа үйлерге сұраныс бар.
– Жаңатілек – болашағы зор, үлкен ауылдардың бірі. Қаншама жыл халықтың саны азайған жоқ. Тек қана бір қалыпта немесе көбейіп жатыр. Ондай ауылдар біздің қаланың қасында да шамалы. Сондықтан бұл ауылға ерекше көңіл бөлу керек, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Ауылда 2022 жылы 32 километр жол салынған. Бүгінгі күні 1,7 километр айналма жол салынбай қалған. Бюджетті нақтылауда қаражат бөлініп, бүгінгі күні мемлекеттік сатып алулар өткізілген және мердігер анықталған. Жұмыстар маусым айының 20-сынан бастап басталады.