Павлодар облысында көктемгі аңшылық басталды

Павлодар облысында көктемгі аңшылық басталды
Фото: Константин Шелков

Аңшы аң аулауда өзімен бірге бірқатар құжаттарды алып жүруі тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы мәлім етті. 

– Аймақтың аңшылық шаруашылықтарында үйректер мен құрлардың аталық түрлеріне көктемгі аң аулаудың басталғаны туралы хабарлаймыз, – деді басқармада.  

20 сәуір мен 4 мамыр аралығында Ақтоғай, яғни, «Разумовское», «Ивановское» аңшылық шаруашылықтары, Железин ауданындағы «Зеленая роща», «Захаровское», «Березовское» және «Озерное», Май ауданындағы «Майское», «Бестау», Баянауылда («Баянаульское», «Южное», «Ұзынбұлақ», «Жаңажол, Павлодар ауданында «Черноречное», «Заңғар», «Маралды», «Ольгинка», Успен ауданында «Лозовское», Ақсу қаласының ауылдық аймағында «Ақсу» және Екібастұз қаласының ауылдық аймағындағы «Зеленая роща» аңшылық шаруашылықтарында аң аулауға болады.

27 сәуір мен 11 мамыр аралығында Тереңкөл ауданының «Трофимовское», «Львовское» және «Качирское», Ертіс ауданының «Иртышское», «Панфиловское», «Сілеті», «Жарбұлақ», «Қызылқақ» аңшылық шаруашылықтары аумағында рұқсат етіледі.

Аңшы аң аулаған кезде өзімен бірге келесі құжаттарды алып жүруі тиіс:

  • аңшы куәлігі;
  • аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасы;
  • жеке тұлғаларға азаматтық қаруды және оның патрондарын сақтауға және алып жүруге рұқсаттар.

Аң аулау кезінде мына қауіпсіздік шараларын сақтау қажет:

  • аң аулауға алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде тыйым салынады;
  • аң аулау аяқталғаннан кейiн, аң аулау аралығындағы үзiлiстерде, бiр жерден екiншi жерге көшкен кезде, аңшы аңшылық атыс қаруын оғы алынған күйге келтiредi. Мылтық қарудың оқ ұясында және оқшантайында оқ болмаған кезде оғы алынып тасталған болып есептеледi.

Оған қоса, Ертіс өзені жайылмасының, «Ертіс Орманы» резерватының, «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің», «Қызылтау» мемлекеттік табиғи қаумалының аумағында және Екібастұз, Павловское, Қызылжар, Майқайын, Жамбыл, Ертіс, Бозшакөл, Аққу және Шарбақты аңшылық алқаптарда аң аулауға тыйым салынады.