Ақтоғайда үй шатырынан құлаған 16 жастағы бала аяғын сындырды

Ақтоғайда үй шатырынан құлаған 16 жастағы бала аяғын сындырды
Фото: pexels.com/Mathias Reding

Ол аудандық ауруханада ем алуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық жедел жәрдем станцисының баспасөз қызметінің мәліметінше, «103» қызметіне демалыс күндері түсетін жүктеме 20%-ға артты.

Егер әдетте облыстық жедел жәрдем станциясы тәулігіне 600–650 шақырту қабылдайтын болса, өткен демалыс күндері бұл көрсеткіш 760-тан асты.

– 11–13 шілде аралығында бірнеше шақырту биіктіктен құлау жағдайларымен байланысты болған. Ақтоғай ауданы Мүткенов ауылында 16 жастағы жасөспірім үйдің шатырынан құлап кеткен. Жігіт аяқ сүйегін сындырып, жабық бас-ми жарақатын алған. Ол аудандық ауруханаға жеткізілді, – деді станцияда. 

Сондай-ақ, Павлодарда 50 жастағы ер адам абайсызда биіктіктен құлап, зардап шекті. Оның айтуынша, досына көмектесіп жатқанда шамамен 2,5 метр биіктіктегі шатырдан құлап кеткен. Нәтижесінде ол қалалық №1 ауруханасына жатқызылды.

Сол ауруханада 1951 жылы туған зейнеткер де ем қабылдауда. Ер адам екінші қабаттан құлап, алдын ала жамбас сүйектерінің сынуы деген күдікпен ауруханаға жеткізілген болатын.

– Биіктіктен құлау, өкінішке қарай, сирек емес. Әсіресе жылы мезгілде адамдар бақша жұмыстары немесе жөндеу жұмыстарымен жиі айналысатындықтан, мұндай жағдайлар жиі кездеседі, – дейді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Мұндай жарақаттарды болдырмау үшін, алдымен дұрыс баспалдақтар мен сатыларды пайдалану қажет, ал егер жұмыс биіктікте жүргізілсе – міндетті түрде қауіпсіздік белдігін тағу керек. Жұмысқа кіріспес бұрын қауіптерді бағалау қажет, ал сенімді болмасаңыз – мамандарға жүгінген жөн.

Биіктіктен құлағаннан кейін алғашқы көмек көрсету бойынша ең маңыздысы – сабыр сақтау және, әсіресе омыртқа, бас немесе жамбас жарақаты күдігі болса, зардап шеккен адамды орынсыз қозғалтпау. Бірден «103» нөміріне қоңырау шалу керек, ал жедел жәрдем келгенше адамға тыныштық пен қауіпсіз жағдай жасау қажет. Егер адам ес-түссіз болса, бірақ тыныс алып жатса – оны жанымен жатқызып, құсу салдарынан тұншығып қалмауына жол бермеу тиіс. Ең бастысы – өзіндік еммен айналыспау және адамды өз бетіңізше тасымалдауға тырыспау, бұл оның жағдайын нашарлатуы мүмкін.