Аққулы ауданы облыстық «Жас инспектор» байқауында үздік атанды
Облыстық кезеңнен өткен команда республикалық слетте өңір намысын қорғайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Байқау барысында жас өрендер жол қозғалысы ережелерін білу, жол көлік оқиғасы кезінде алғашқы көмек көрсету, саптық даярлау және көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері бойынша білімдерін сарапқа салды.
Павлодар ауданы №2 мектептің тәлімгері Ләззат Болатова аталған сайысқа алғаш рет қатысып отырмағанын айтады.
– Бұған дейін де қатысып, жүлделі орындарға ие болдық. Жалпы өзім 10 жыл ішінде бірнеше команда ауыстырдым. Жыл сайын жаңа оқушылармен жұмыс істейміз. Команда құрамына мектепаралық сайыста көзге түскен, үздік балаларды алдық, – дейді Ләззат Болатова.
Слетке облыс мектептерінің оқушылары, аудандық және қалалық кезеңдердің жеңімпаздары қатарынан 13 команда қатысты.
– Сайыста 12-14 жасқа дейінгі 120 бала бақ сынады. Бұл командалар ауданаралық сайыстан өтіп, облыстық кезеңге жолдама алған. Командирлер сайысы, реттеуші, жол ережелері бойынша түрлі сайыстар өтікізілді. Жыл сайын келетін аудандандық командалардың атауы бір болғанымен, құрамы өзгеріп отырады, – дейді Павлолдар облысы білім беру басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Байғазинова.
Слеттің негізгі мақсаты балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын алдын алу жөніндегі жұмысты жетілдіру, мүдделі ведомстволардың, ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің назарын жолдардағы балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау мәселесіне аудару болып табылады.
– Мен Павлодар ауданынан келген команданың командирімін. Командир болып сайланғаныма өте қуаныштымын. Жарыс өте қызықты өтті. Командирмен қоса, реттеуші қызметін де атқарамын. Дайындыққа шамамен үш апта уақыт кетті, – дейді Павлодар ауданының командирі Арайлым Өтеппаева.
Байқау барысында барлық ережелерді мүлтіксіз орындаған Аққулы ауданының командасы 1-орынды иеленді. Шарбақты ауданының командасы 2-орынға ие болса, Екібастұз қаласының командасы 3-орынға лайық деп танылды. Бұдан бөлек, Павлодар ауданының оқушысы Руфат Мағауин – «Қауіпсіз шеңбер», Ақсудан Нұртірек Армия – «Жас реттеуші», Шарбақты ауданынан Әлия Нұрболқызы – «Жас санитар» аталымдары бойынша марапатталды.
Май ауданы сап түзеу конкурсында, Аққулы ауданы бейнежазба сайысында үздік атанды.