Павлодарлық университет халықаралық көрмеде әлеуетін танытты

Павлодарлық университет  халықаралық көрмеде әлеуетін танытты
Фото: Торайғыров университетінің баспасөз қызметі

Пекинде XXXI Халықаралық білім көрмесі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Торайғыров университеті алғаш рет халықаралық алаңда өз білім беру бағдарламаларын, оқу бағыттары, шетелдік талапкерлерге арналған қабылдау шарттарын таныстырды. Сонымен қатар, Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестік мүмкіндіктерін талқылады,.

– Бұл қадам университеттің халықаралық серіктестікті дамытуға және жаһандық академиялық кеңістіктегі беделін нығайтуға бағытталған стратегиялық бастамаларының бірі, – деп атап өтті ЖОО өкілдері.

Көрмеге Қазақстан, Өзбекстан, Италия, Жапония, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай және басқа елдердің жетекші университеттері қатысты. Қазақстан атынан 26 жоғары оқу орны ұсынылды.

Торайғыров университетінің өкілдері қытайлық әріптестерімен келіссөздер жүргізді. Солтүстік-Қытай электр энергетика университетінің халықаралық бөлім директоры Ли Бо ханыммен қос диплом бағдарламалары мен академиялық мобильділік мәселелері талқыланды. Ал Пекин құрылыс және сәулет университетінің халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры Чжао Ши ханыммен студенттер мен оқытушылар алмасу, сондай-ақ бірлескен онлайн-сабақтар өткізу мүмкіндіктері қарастырылды.

Көрмеге қатысу жаңа серіктестік көкжиектерін ашып, студенттерді тарту географиясын кеңейтеді және университеттің әлемдік аренадағы беделін арттырады.

Бүгінде Торайғыров университетінде тоғыз мыңға жуық студент, магистрант және докторант білім алуда. Штатта – 1100 қызметкер, оның ішінде 650 оқытушы бар. Оқытушылардың жартысы ғылыми дәрежеге ие.

Ғылымды қаржыландыру көлемі жылына 1,6 миллиард теңгеге жетті. Университетте шамамен 100 ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Тікелей қаржыландырудың орнына оқу орны жобалар аясында заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі.