Бәйге, айтыс, ән: Баянауылда Жаяу Мұсаның мерейтойы дүркіреп өтуде

Бәйге, айтыс, ән: Баянауылда Жаяу Мұсаның мерейтойы дүркіреп өтуде
Фото: автор

Баянауылда ұлы композитор, ақын Жаяу Мұса Байжанұлының 190 жыллыөмерейтойына орай 100-ден астам киіз үй тігіліп, үлкен халықтық мереке ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Дәстүр мен руханият тоғысқан тойға қалың жұртшылық жиналды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев құттықтау хат жолдап, Баянауылдан шыққан Жаяу Мұса, Қадыр Тайшықов, Қалмұқан Исабаев, Қуат Әбусейітов сынды ұлы есімдерді ерекше атап өтті.

– Ел тарихындағы тұлғаларды ұлықтау – ұлттық тұтастығымызды нығайтатын маңызды қадам, – делінген хатта.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов та сөз сөйлеп, қанша уақыт өтсе де бабаларымыздың үні өшпегенін, рухы биік ел ешқашан жеңілмейтінін атап өтті.

Алаңда әр аудан мен қала киіз үйлер тігіп, ұлттық тағамдар ұсынылды. Қолөнершілер мен суретшілер көрме ұйымдастырды.

– Малдың сүйегі мен мүйізін жонуға бет бұрдым. Бұл – кенже қалған, аз адам айналысатын өнер. Сүйекті ағарту үшін бірнеше күн қайнатып, майын шығару қажет. Қиын болғанымен, нәтижесі ерекше, – дейді баянауылдық қолөнерші Қайнарбек Махмет.

Той бағдарламасында көкпар, қазақ күресі, бәйге сынды ұлттық спорт түрлері өтті. Балалар үшін «Балалар әлемі» алаңы ашылып, ойындар мен шығармашылық шеберханалар жұмыс істеді.

Сондай-ақ «Үш жүзге атым мәлім Жаяу Мұса» атты дәстүрлі әншілер байқауының финалы өтіп, жас әншілер композитордың шығармаларын орындады.

Жаяу Мұсаның мерейтойы өнер мен мәдениеттің ғана емес, ел бірлігінің мерекесіне айналды.