«Baby Shower Party»: Павлодарда болашақ аналарға арналған ауқымды кеш өтті
Басқосуға 100-ге жуық қатысушы келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Халықаралық отбасы күніне орай Жастар бастамаларын дамыту орталығы мен «Я родился» балалар дүкенінің бірлесуімен жүкті әйелдерге арналған «Baby Shower Party» кеші өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді.

Жастар бастамаларын дамыту орталығының өкілі Жандарбек Қандыраштың сөзінше, жоба алғашында қарапайым форматта басталған.
- Бастапқыда қатысушылар арман картасын жасап, гинекологтардың кеңесін тыңдаған еді. Кейін жобаның мазмұны кеңейіп, жаңа форматқа жетті. Осылайша, павлодарлық болашақ аналардың қызығушылығы артып, келемін деушілер көбейе түсті, - деді ол.
Биылғы шараға 147 жүкті әйел тіркелген. Өткен жылы кешке 200-ге жуық қыз-келіншек қатысқан. Ал алғашқы жылы шамамен 40 адам жиналған.
Шараға «Baby Shark», «Мама знает», «Бэйби мои» және ана мен бала тақырыбындағы өзге де ірі брендтер демеушілік көрсетті. Қатысушыларға сыйлықтар мен арнайы ұтыс ойындары дайындалған.

Кеш барысында төрт сарапшы сөз сөйледі. Алғашқысы – отбасылық психолог. Ол жүктілік кезеңіндегі психологиялық өзгерістер, қорқыныш пен бала тәрбиесіне қатысты мәселелерді қозғады. Кейін акушер–гинеколог босануға дайындық туралы айтты. Сонымен қатар эндокринолог аналық кезіңдегі эндокриндік жүйе мәселелеріне тоқталды. Шараға «доула», яғни жеңілдеу кезіндегі серіктестік туралы әңгіме қозғайтын маман да қатысып, болашақ аналарға қажетті түрлі тәсілдерді түсіндірді.
Эндокринолог Айдана Әлиеваның айтуынша, қазіргі таңда перзент күту кезеңін алдын ала жоспарлау аса маңызды.
- Бүгін біз қыздармен маңызды тақырыптардың бірі – гестациялық диабет пен қалқанша безі аурулары туралы сөйлестік. Ана болу кезеңіндегі жоспарлау мәселесін талқылаймыз, кең таралған мифтерді жоққа шығарамыз, - деді маман.
Ол жүктілікті кем дегенде бір жыл бұрын жоспарлап, екі тараптың да денсаулығын тексеру қажет екенін атап өтті.
Акушер-гинеколог Әйгерім Ақбайқызы ана болу кезіндегі анемия мәселесін талқылады.
- Ең бірінші – құрсақ көтеруге дейінгі дайындық маңызды болып саналады. Әйел алдын ала денсаулығын тексеріп, ағзадағы дәрумендер мен темір тапшылығын толықтырса, жүктілікті кезінде қауіптер азаяды, - деді дәрігер.

Әйгерім Ақбайқызының айтуынша, босануға психологиялық дайындық та маңызды рөл атқарады.
- Ана мектебіне қатысу, бассейнге бару, тыныс алу жаттығуларын үйрену босанудың жеңіл өтуіне көмектеседі, - деді ол.
Жиынға алғаш рет қатысқан Сымбат Тәңірберген мұндай кездесулердің бала күтімі демалысындағы аналар үшін пайдалы екенін айтты.
- Мұндай шаралар біз сияқты жүкті келіншектерге пайдалы. Өйткені жас аналарға бұл үлкен мотивация болып табылады. Олар өз қорқыныштарын жеңіп, алаңда бір-бірімен араласып, мамандардан пайдалы ақпарат алады. Ана болу кезеңінде әйелдерге психологиялық қолдау ерекше қажет. Осындай еркін жиын әйелдердің көңіл-күйіне жақсы әсер қалдырады деп ойлаймын, - деді ол.
Шарадан соң қатысушылар әлеуметтік желілерде пікірлерін білдіре алады. Басым бөлігі сарапшылардың пайдалы кеңестері мен қолдау атмосферасы ұнады деген ойларын жеткізді.