Басты назар ауылдарда: Павлодар облысында қандай жолдар жөнделеді

Басты назар ауылдарда: Павлодар облысында қандай жолдар жөнделеді

Қаражаттың 70%-ы қиыршық тас жабыннан асфальт-бетон төсеміне ауыстыруға жұмсалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аймақта биыл 313 шақырым жергілікті маңызы бар автомобиль жолын қайта жаңарту және жөндеу бойынша 40 жоба іске асырылады. Оған 12,3 млрд теңге жұмсалады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкиров мәлімдеді. 

– Ағымдағы жылы ұзындығы 36 шақырымдық Ақшиман-Лекер автомобиль жолын және ұзындығы 39 шақырымдық Баянауыл-Угольное автомобиль жолын жөндеу жоспарлануда. Аталған шара Май мен Баянауыл аудан орталықтары арасындағы қашықтықты 100 шақырымға дейін қысқартуға мүмкіндік береді, – дейді Қанат Қашкиров.

Жоспарға сәйкес 89 шақырым облыстық автомобиль жолдарын және 223 шақырым аудандық жолдарында орташа жөндеу жүргізілетін болады. 

Оның айтуынша, облыстық жолдардың жағдайы жергілікті жолдарға қарағанда жақсырақ. 

– Облыста нашар жолдар жоқ деуге болады. Қазір бірінші кезекте аудандық жолдар тұр. Мысалы,  Баянауыл ауданындағы 60 км жолдардың асфальт жабынына ауыстыру жоспарланған,– дейді спикер.

Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 82 шақырымдық 23 ауылдық елді мекеннің кірме жолын жөндеу жоспарлануда. Былтыр облыста 11 кірме жол жөнделсе, ал келесі жылы тағы 30 жобаны қарастыруда. Қазіргі таңда кірме жолдардың 85% жақсы жағдайда.

Қанат Қашкировтың сөзінше,  жол жөндеу жұмыстарының қорытындылары бойынша «Нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары үлесі» нысаналы көрсеткішін 94%-ға жеткізуді көздейді.

Фото: Константин Шелков