Басқаларға кедергі: Павлодарда тұрақ ережелерін бұзғандар анықталды

Көлік жүргізушілері жиі жіберетін бұзушылықтардың бірі – көлікті дұрыс қоймау, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, кейде небәрі бес минутқа тұрақ ережелерін бұзу басқа жүргізушілерге үлкен қолайсыздық тудырып қана қоймай, құқық бұзушының өзі үшін әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Жақында қала аулаларының бірінде «Toyota» маркалы автокөлік иесі көлігін аула ортасына қойып, басқа көліктердің өтуіне және қоқыс контейнерлерін шығару жұмыстарына кедергі келтірді. Келген полиция қызметкерлеріне жүргізуші көлігін терезеден анық көрінетіндей етіп қойғанын айтып, оны қауіпсіз деп санаған.
Бұдан бөлек, Сұрағанов көшесіндегі тұрғындар да осыған ұқсас жағдайға шағымданды. Олардың айтуынша, үш жүргізуші үйлерінің кіреберісін көліктерімен жауып, жаяу жүргіншілер мен тұрғындардың еркін қозғалысына кедергі жасаған.
Полиция тәртіп бұзған жүргізушілерді анықтап, әкімшілік хаттама толтырды.
Жыл басынан бері 641 жүргізуші көлігін дұрыс тұраққа қоймағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды.