Павлодарда жеті жасар баланы ұрып-соғу туралы ақпарат жалған болып шықты

Павлодарда жеті жасар баланы ұрып-соғу туралы ақпарат жалған болып шықты
Фото: ЖИ

Бұған дейін баланы көшеде белгісіз адамдар ұрып-соғып, тілін қайшымен жарақаттаған деген ақпарат тараған болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Алайда, полиция жүргізген жедел тергеу шаралары нәтижесінде бұл фактілер расталмады.

– Қылмыстық іс аясында полиция ауданды аралап, көршілерден жауап алып, оқиға орнын қарап және бейнебақылау камераларындағы жазбаларды тексерген. Осы шаралардың қорытындысы бойынша, кәмелетке толмаған баланы ешкімнің ұрмағаны анықталды, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тергеу барысында баланың әткеншекте ойнап жүріп, қызығушылықпен ерні мен тілін металл бетке тигізгені белгілі болды. Қанды көрген ол қатты қорқып, әкесінің назарын аудару үшін оқиғаны ойдан құрастырған.

– Баламен анасының қатысуымен бұдан былай мұндай жағдайларға жол бермеу туралы әңгіме жүргізілді. Заңды өкіліне мектеп психологының кеңесіне жүгіну ұсынылды. Сонымен қатар, бала емделіп шыққаннан кейін, оның және заңды өкілінің мінез-құлқы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралатын болады, – делінген хабарламада.

Полиция азаматтарды тек ресми және сенімді ақпаратқа ғана сенуге шақырады, өйткені заңға қайшы әрекеттер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.