Баянауыл ұлттық паркі жаңа өрт сөндіру техникаларымен толықты
Жаңа өрт сөндіру көліктері үш тоннаға дейін су тасымалдауға қауқарлы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан өртке қарсы жабдықтарды жаңғырту бағдарламасы аясында Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жаңа арнайы техникалармен толықты.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің республикалық бюджеттен бөлінген қаражаты есебінен ұлттық паркке сегіз бірлік су жаңа өртке қарсы техника жеткізілді. Салтанатты табыстау рәсімінде техникалардың кілттерін Павлодар облысы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы табыстады. Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары сөж сөйлеп, жаңа техникалардың өңір үшін маңызын атап өтті.
Жаңа өрт сөндіру көліктері үш тоннаға дейін су тасымалдауға қауқарлы, жол талғамайтын және өзін-өзі сөндіру жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар, олар қозғалыс кезінде өрт сөндіруге бейімделген, бұл орман алқаптарындағы өрт ошақтарына жедел жетіп, қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді.
Жалпы, аталған техникалар ұлттық табиғи парктің өрт қауіпсіздігін күшейтіп, табиғи байлықты сақтауға және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлкен үлес қоспақ.