Баянауыл ұлттық паркіндегі өрті ауыздықталды
Жалынды ауыздықтау үшін әуеден су шашу тәсілі қолданылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өрт Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орман төсеніштері мен ағаш тамырларының жануынан басталған.
Хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына алғаш болып ұлттық парктің мамандары жетіп, кейін оларға төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері қосылды. Тілсіз жаудың таралуына жол бермеу үшін сөндіру жұмыстары бірден ұйымдастырылды.
Өртті ауыздықтауға су төгетін құрылғымен жабдықталған министрлік әуе кемесі жұмылдырылды. Экипаж тоғыз мәрте әуеден су төгіп, жалпы 27 тонна су шашты.
– Өрт сөндірушілер, орман шаруашылығы қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің жедел әрі үйлесімді іс-қимылының арқасында жалынның кең аумаққа таралуына жол берілген жоқ, – деп хабарлады министрлік.
Қазір оқиға орнында мамандар әлі де өртті жою жұмстарын жүргізуде. Әрі онда кезекшілік пен бақылау жалғасып жатыр. Аумақтағы ахуал Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандарының тұрақты бақылауында.