Баянауыл ауданы туу көрсеткіші бойынша көшбасшы орынды сақтап қалды
Жыл басынан бері аймақта төрт мыңнан астам сәби дүниеге келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Статистика департаментінің есептеуі бойынша, облыста барлығы 753 215 адам тұрады. Оның 41 пайызы – ауыл тұрғындары.
Жыл басынан бері өңірде 4540 адам туып, 3568 адам қайтыс болды. Туу көрсеткіші Баянауыл ауданында, ал өлім-жітім деңгейі Железин ауданында жоғары.
Сондай-ақ, басқармада жарты жыл ішінде облыс тұрғындары 2052 неке қиып, 1060 ажырасу рәсімдегенін хабарлады.
Жыл басынан бері облысқа 5725 адам келіп, 7415 адам кеткен. ТМД елдерінен негізінен Ресей мен Түркіменстаннан 576 адам келді. 798-і – әлемнің басқа елдерінен, жартысынан көбі – Моңғолиядан.
Ішкі көші-қон көрсеткіші бойынша 4927 адам тіркелген: 29 пайызы –Астанадан, 13 пайызы – Түркістан облысынан. Қазақстанның басқа өңірлеріне 6834 павлодарлық көшіп кетсе, олардың басым бөлігі елдің солтүстік және Оңтүстік астаналарына қоныс аударған. Ал, 452 адам ТМД елдеріне көшкен: 96 пайызға жуығы – Ресейге, 129 адам – әлемнің басқа елдеріне, көбінесе Германияға қоныс аударған.
Басқарманың мәліметінше, өңірлік көші-қон бойынша Павлодар мен Екібастұзда халықтың көші-қонының оң сальдосы байқалады.