Баянауыл ауданы жасыл желекке оранбақ

Баянауыл ауданы жасыл желекке оранбақ

Жергілікті жердегі ағаш қоры тағы 100 түп қарағаймен толықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына Баянауыл ауданы да өз үлесін қосты. Олар оны «Жасыл аймақ» апталығымен жалғастырды. Осы іс-шара аясында жас қарағайдың жүз түп көшеті отырғызылды.

Акцияға Баянауыл ауданының ардагерлер кеңесінің мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары және белсенді жастар қатысты.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайрат Сарбасов мұндай акциялар тек оң нәтиже беретінін атап өтті.

– Мұндай іс-шараларды ұйымдастыру өңірдегі экологияны одан әрі жақсартуға, елді мекендерді көгалдандыруға ықпал ететін болады. Барлық тұрғындарды қоршаған ортаны көгалдандыруға қатысуға шақырамын, - деді Қайрат Сарбасов.

Акцияның мақсаты экологиялық мәдениетті қалыптастыруда, патриотизм құндылықтарын арттыруда көздейді. Сонымен қатар, жастардың қоршаған ортаға деген жанашырлық сезімін дамытады.