Баянауыл ауданындағы жағажайларда бақылау күшейді
Тәртіп сақшылары туристік маусымның ашылуы қарсаңында кеңес өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлдеріндегі туристік маусымның ресми ашылуы қарсаңында Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Мәлік Оңғарбаев жұмыс кеңесін өткізді.
Кездесу Баянауыл ауданында өтіп, оған Баянауыл ауданының әкімі, Торайғыр ауылдық округінің әкімі, әкімшілік полиция мен қоғамдық қауіпсіздік қызметтерінің басшылығы, уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ жергілікті демалыс аймақтарының иелері қатысты. Жиын барысында жазғы туристік кезеңде құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды.
— Бірлескен жұмыстың басты мақсаты – қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігіне қатысты кез келген құқық бұзушылықтардың жолын қатаң кесу. Кездесуге қатысушылар балалардың қоғамдық орындардағы және судағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударды. Бақылау тек абаттандырылған жағажайларда ғана емес, судағы жазатайым оқиғалар қаупі жоғары рұқсат етілмеген демалыс орындарында да күшейтіледі, – деп атап өтті полиция ведомствосында.
Полицияның, жергілікті атқарушы органдардың және бизнестің үйлесімді іс-қимылының арқасында өңір тұрғындары мен қонақтары үшін жазғы демалысты қауіпсіз өткізуге барынша қолайлы жағдай жасалатын болады.