Баянауыл ауданында екі жаңа мешіт салынуда

Баянауыл ауданында екі жаңа мешіт салынуда
Фото: Константин Шелков

Облыстың бас имамы Жолдас Бертымұратов Баянауыл ауданына арнайы  іссапармен барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ол бірінші кезекте шалғайдағы Теңдік ауылында болып, бұл ауылда салынып жатқан жаңа мешіттің құрылысы барысымен танысты. Мешітті ауылдың белсенді азаматтары және ауыл халқы өз қаражатымен салып жатыр. Халықтың бір ауыздан ұйғаруымен мешіт «Қаныш ата-Ғабдулғани» мешіті деп аталмақ. Алланың үйінің құрылысы алдағы жазда толықтай аяқталып, жамағатқа есігін ашады деп күтілуде. 

Сондай-ақ, өкіл имам  мәдениет үйіне жиналған ауыл халқымен кездесу өткізіп, оларға ҚМДБ-ның құрылуының 35 жылдығы, осы ұйымның 2024 жылы  атқарған іс-қызметінің есебі, жалпы ел бірлігі, татулығы, жастарды жат ағымдардан сақтандыру бағытында уағыз-насихат айтып, сұрақтарға жауап берді.

Бас имам келесі кезекте Сатбаев ауылының мешітінде жамағатпен кездесіп, жоғарыдағы бағытта үгіт-насихаттар айтты.

Сонымен қатар, Құндыкөл ауылындағы жаңадан салынып жатқан мешіт құрылысының барысымен танысып, мәдениет үйінде ауыл халқымен кездесті. Кездесуде дін мен дәстүр, оның маңыздылығы мен қажеттілігі туралы кеңінен әңгіме өрбітіп, халықтың сұрақтарына жауап берді. 

Іссапар берекелі де нәтижелі болды.