Баянауыл ауданының екі мектебінде спорт залдары салынды
Бұрын Лекер мен Ақши ауылдарының мектептерінде спортпен шұғылданатын жер мүлдем болмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов 2023 жылдың наурыз айында Ұзынбұлақ, Ақши ауылдарына жұмыс сапарымен келіп, халықпен кездескенде әлеуметтік нысандардың мәселесі көтерілген. Аймақ басшысы апатты жағдайдағы мәдениет үйі мен мектептердегі спорт залының жоқтығын байқап, аудан әкімдігіне бұл сұрақтармен айналысып, шешуді тапсырған. Облыстық бюджеттен Лекер мен Ақши ауылдарындағы негізгі мектептеріндегі спорт залдарының құрылысына 109 миллион теңге бөлінді.
– Екі бірдей ауылда бой көтерген спортзал жас буынды үлкен жетістіктерге жетелейді. Ауыл спортын қарқынды дамытуға, спорттық белсенділікті арттыруға, болашақ чемпион тәрбиелеуге септігін тигізеді деп ойлаймын,– деді аудан әкімі Ардақ Кісентаев.
Мектеп жанынан жаңа ашылған залдар спорттың кез келген түрімен шұғылдану үшін бейімделген. Лекер мектебінде 68 оқушы, ал Ақши мектебінде 73 оқушы білім алады.
Құрылыс жұмыстары биыл күзде басталып, желтоқсанда аяқталды. Екеуінің де көлемі - 12х18 метр. Спортзалдар аудандық білім бөлімі арқылы спорт құралдарымен толық жабдықталды. Лекерде мердігер «Soul bloom» ЖШС, Ақши ауылында «СК Лира» ЖШС жұмыс істеді.
Айта кету керек, 2023 жылы Павлодар облысының сегіз мектебінде спорт алаңдары мен залдар ашылды.