Баянауылдағы үш елді мекенде тұрғындарға жайлы орта қалыптасуда

Баянауылдағы үш елді мекенде тұрғындарға жайлы орта қалыптасуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Бүгінде көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылып, білім беру нысандары күрделі жөндеуден өтіп, балалар мен жастарға арналған жаңа спорт алаңдары пайдалануға берілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Майқайың кентінде «Керім Строй» ЖШС алты көпқабатты тұрғын үйдің ауласын абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал «Namys Stroy» ЖШС бес ауланы толықтай аяқтап, пайдалануға тапсырды.

Абаттандыру жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – аулалардың санитарлық және эстетикалық жағдайын жақсарту, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру, сондай-ақ кенттің инженерлік және қоғамдық инфрақұрылымын дамыту.

Ал Жаңатілек ауылында Б. Хайдаров атындағы жалпы орта білім беру мектебіне жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. 1975 жылы салынған білім ордасы ұзақ жылдар бойы жаңғыртуды қажет еткен болатын.

Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Namys Stroy» ЖШС жүзеге асыруда. Жөндеу барысында мектеп ғимаратының ішкі және сыртқы бөліктері толық жаңартылып жатыр. Жоба оқушылар мен педагогтер үшін қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Жаңартылған мектеп жаңа оқу жылында 169 оқушыны қабылдайды.

Сонымен қатар, Ақсан ауылында балалар және баскетбол алаңдарының құрылысы толық аяқталды. Жобаның жалпы құны 31,5 миллион теңгеден асты.

Ауылда 15х12 метрлік заманауи балалар ойын алаңы мен 14х15 метрлік стритбол алаңы салынды. Сонымен бірге, шағын сәулеттік нысандар мен жарықтандыру шамдары орнатылды.

Жоба ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Енді Ақсан ауылының балалары мен жастары таза ауада қауіпсіз әрі жайлы жағдайда спортпен шұғылданып, демалысын тиімді өткізе алады.