Баянауылда қазақтың тұңғыш тарихшысынан бата алған ұстаз тұрады

Баянауылда қазақтың тұңғыш тарихшысынан бата алған ұстаз тұрады
Фото: Шынар Мұрсалова ұсынды

Оған дәлел ретінде отбасы мұрағатында тарихи фото сақталған, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мұрсалов Ілдебай Зікірияұлы 1953 жылы Теңдік ауылында дүниеге келген. 1983 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетін аяқтап, Теңдік сегіз жылдық мектебінде ең алғаш ұстаздық жолын бастайды, кейін 1986 жылы Ақши ауылындағы Ленин орталау мектебіне директорлық қызметке тағайындалады. 1987 жылы жаңа мектептің салынуына мұрындық болады. 

Ол 1957 жылы өз әкесінің шаңырағына келген ұлы тұлға, қазақтың тұңғыш тарихшысы Ермұхан Бекмахановтан төрт жасында бата алған. 

Әкеміз туған жылы атамыздың үйіне  Ақши ауылынан қонаққа Ілдебай   есімді ұстаз келген екен, сол кісідей ұлағатты ұстаз болсын, мектеп басқарсын деген ырыммен әкеміздің есімін Ілдебай деп қойған. Әкеміз ер жетіп оқу бітіріп, мұғалім болып істеп жүрген кезінде сол баяғы Ілдебай ұстаз басқарған мектепке директор болып орналасады. Ал бірнеше жылдан соң Ермұхан Бекмаханов атындағы мектепке директор болып ауысады. Міне, әкеміздің өмірінде осы адамдардың жолығуы –кездейсоқ дүние емес екенінің дәлелі, – деп еске алады қызы Шынар Мұрсалова.

42 жыл еңбек өтілі бар Ілдебай Мұрсалов тарих пәні мұғалімі және мектеп директоры болып еңбек етсе, жұбайы Сәлимаш Бейбітова  мектепте өзін-өзі тану және технология пән мұғалімі қызметінде 40 жылдай еңбек еткен. Бүгінде екеуі де зейнет демалысында.  

Ұстаздар отбасында дүниеге келген бес бала мен келіні, күйеу баласы, екі немересі ұстаздық жолды таңдаған. Бүгінде әулеттен 11 ұстаз шыққан. Әулеттің білім саласындағы жалпы еңбек өтілі – 202 жыл. 

Үлкені Айнагүл Мұрсалова 1996 жылы Павлодар мемлекеттік педагогика институтын бітірген. Алмагүл Мұрсалова да қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын таңдаған. Шынар Мұрсалова бүгінде Баянауыл ауданының Ш.Шөкин атындағы жалпы орта білім беру мектебінің басшысы.   Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі және педагог-психолог мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. Облыс, республика көлемінде шәкірттері жүлделі орындарға ие болып жүр. 2014-2016 жылдары екі жыл қатарынан ҚР Білім және ғылым министрлігінің ҰБТ бойынша комиссия мүшесінде болып, ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы директорының Алғыс хатымен марапатталған.  

Айжан Мұрсалова 2009 жылы Павлодар мемлекеттік педагогика университетінің математика факультетін қызыл дипломмен аяқтаған.  

Отбасы облыс және республика деңгейінде ұлттық ойын түрлерін насихаттап, өз үлестерін қосуда.  Асық ойынынан ұлы Арман Ілдебайұлы, келіні Жәзира Шегебаева, күйеу балалары Қуаныш, Алмас, немерелері Абылай, Мәдина, Ерасылбек, Адай Ақтау, Қызылорда, Алматы қалаларында өткен додада облыс атынан сынға түскен. Сондай-ақ Арман тазы баптап, облыстық деңгейде тазы жарысынан 1,3-орындарға ие болған. Жиен немерелері Орал Даниял және Қанат, Абылай – ауданның көкпар, теңге алу ойындарының  белді ойыншылары.

Ұстаз – ұлы есім. Осы есімге лайық болуға, ата-анамыздың салған сара жолын жалғастырып, елжанды, білімді ұрпақ тәрбиелеуге дайынбыз. Анамыз қыздардың бойына ер адамды құрметтеу арқылы отбасының ұйытқысы болуға тәрбиелейді. Бүгінде келін-қыздары көп балалы ана атануда, – дейді Шынар Мұрсалова.

Қазіргі уақытта Ілдебай Мұрсалов кейінгі ұрпаққа естелік жинағын қалдыру мақсатында әулеттің тарихи жәдігерлерін жинауды қолға алған. Бүгінде альбомдар саны 12-ге жеткен.  

Мұса Шорман ауылының бір көшесі Мұрсалов Зікірия атамыздың атымен аталған. 2014 жылы Қаныш Сәтбаев атындағы мектептің үздік және озат оқушыларына «Мұрсалов Зікірия атындағы шәкіртақы» тағайындалды, – дейді Шынар Мұрсалова.

Бұдан бөлек, отбасы Мұса Шорман ауылының кіреберіс қақпасының салынуына, мешіттің құрылысына демеушілік жасаған.  

Ілдебай Мұрсаловтың ұстаз әрі мектеп басшысы ретінде еңбегі әрдайым еленіп, әртүрлі марапаттарға ие болған. 2015 жылғы ҚР Президентінің жарлығы бойынша медальге, 2020 жылы «Баянауыл ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне, 2022 жылғы 28 қыркүйекте «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін»  белгісіне, бірнеше мәрте облыстық білім беру басқармасының Құрмет грамотасына ие болған. 2022 жылы аудандық «Парасатты отбасы» байқауының лауреаты атанған. ҚР Президентінің 2015 жылғы 5 тамыздағы Жарлығы бойынша «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» медалімен марапатталды. 

Отбасының ең үлкен жетістіктерінің бірі – «Мерейлі отбасы – 2023» республикалық байқауының лауреаты атануы.