Баянауылда балаларға арналған жаңа ойын алаңы ашылды
Жоба ауыл жастарынның спортқа қызығушылығын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңатілек ауылында балалардың қауіпсіз әрі жайлы демалуына арналған заманауи нысан пайдалануға берілді.
Жоба аясында көлемі 15×9 метрлік ойын алаңы салынып, 14×15 метрлік стритбол алаңы жабдықталды. Сонымен қатар, заманауи шағын сәулет нысандары орнатылып, аумаққа сыртқы жарықтандыру тіректері қойылды. Жобаны «СК Практик» ЖШС жүзеге асырды. Нысанның құны – 30 миллион теңгені құрады.
Ашылу салтанатында Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Қинаятолла Талипов пен ауыл ақсақалы Дәулетбек Сүлейменов балаларға ақжолтай тілегін жеткізді. Мерекелік шарада шашу шашылып, кішкентай өнерпаздар өнер көрсетті.
Баянауыл ауданында балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Былтыр екі жаңа ойын алаңы салынып, тағы төртеуіне ағымдағы жөндеу жүргізілді.
– Жаңатілек ауылындағы жаңа нысан балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Мұндай орындар ауыл жастарының спортқа қызығушылығын арттырып, қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал етеді, – деді Баянауыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ауданда спорт кешені де жұмыс істейді. Онда жүзу, асық ату, тоғызқұмалақ, күрес, бокс және басқа да спорт секциялары бар.
Аудан орталығында қосымша балалар алаңына сұраныс бар. Бұл мәселе келер жылы жоспарға енгізілмек.