Тайга жыртқышы Баянауылда фототұзаққа түсті
Қолға түспейтін құнуды ғалымдар байқап қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Фототұзақ орнатылған жерді таңдауға Қаражар тұрғыны Есен Жүсіпбаев көрсетті. Оны павлодарлықтар Баянауыл өңірінің туризмін белсенді насихаттаушы ретінде жақсы таниды.
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жүргізілген фотомониторинг кезінде зерттеушілер құнуды (Gulo gulo) анықтады. Бұл жануар Павлодар облысының қазіргі фаунасына тән түрлердің қатарына жатпайды.

Торайғыров университеті биология кафедрасының PhD докторы, қауымдастырылған профессор Зарина Серғазинованың айтуынша, іргелі фаунистикалық деректерге сәйкес, Қазақстандағы құнудың негізгі таралу аймағы Оңтүстік Алтайдың таулы-тайгалы өңірлерімен байланысты.
– Алайда негізгі таралу аймағынан едәуір алыс жерлерде бұл түрдің кездескен жекелеген жағдайлары белгілі. Мысалы, 1932 жылы қазіргі Ақмола облысының аумағындағы Бурабай ормандарында және 1948–1949 жылдары сол кезеңдегі Көкшетау облысының аумағында, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарайтын Шағалалы көлінің маңында тіркелген. Мұндай жағдайларды зерттеушілер жекелеген түрлерінің негізгі мекен ету аймағынан алысқа кеткені деп қарастырады, – дейді профессор.
Қазіргі олжа ғылыми тұрғыдан ерекше қызығушылық тудырады. Себебі жануар Қазақстандағы қазіргі негізгі таралу аймағынан едәуір қашықта анықталған. Бұл жыртқыштың алыс қашықтыққа қоныс аударуы туралы мәліметтерді толықтыра түседі. Сонымен қатар мұндай бақылау сирек әрі тұрақты кездеспейтін жануарларды анықтауда ұзақ мерзімді фотомониторингтің маңызын көрсетеді.
Бақылау «Солтүстік-Шығыс Қазақстандағы аңшылық-кәсіпшілік түрлерінің таралуы мен қорының геоақпараттық модельдеуі және картографиясы» ғылыми жобасы аясында жүргізілген.
Айта кетейік, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жануарларға арналған фотомониторингтің жаңа маусымы мамыр айында басталды. Ғалымдар парк аумағындағы тауларға, ормандар мен шатқалдарға фототұзақтар орнатып, мұнда қандай жануарлар мекендейтіні, олардың қалай қозғалып жүргені және өңір экожүйесінің уақыт өте қалай өзгеретінін зерттеп жатыр.
Фотомониторинг әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Еуропа, АҚШ, Канада және Африкада кеңінен қолданылады. Бұл әдіс әсіресе ірі ұлттық парктерде жабайы жануарлардың жасырын тіршілігін бақылауға мүмкіндік береді. Аң-құстардың табиғи ортадағы тіршілігі «Ертіс орманы» резерватында да осы тәсілмен зерттеледі.
Зерттеу жұмысы екінші жыл қатарынан жүргізіліп келеді және биыл да жалғасады. Ғалымдар бақылауды жалғастырып, қазірдің өзінде кеміргіштер мен құстардың жаңа түрлерін тіркеп жатыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram