Павлодарда өзенге түсіп кеткен елік құтқарылды (ВИДЕО)
Жануардың суға түсіп кеткені туралы куәгерлер хабарлаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары Серік Шерияздановтың айтуынша, хабарлама Усолка шағын ауданындағы № 7 құтқару бөлімшесіне сағат 13:35-те түскен.
– Оқиға орнында төрт құтқарушы жұмыс істеді. Олардың бірі су өткізбейтін костюм киіп, мұздың үстіне шықты. Екіншісі арқанмен ұстап тұрды. Жануар өзеннің арғы жағасына өтпек болып, құлап кеткен болу керек, – дейді Серік Шериязданов.
Құтқарушылар жануарды көрпеге орап, № 7 құтқару бөлімшесіне жеткізгеннен кейін сағат 15:00-де «Сердца Павлодара» қоғамдық бірлестігіне тапсырған.
Павлодар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніңдегі мекеменің басшысы Қайыржан Шайманов еліктің жағдайы қанағаттарлық екенін айтады.
– «Сердца Павлодара» қоғамдық бірлестігінің мамандары оған күтім жасап, жылы сүт беруде. Аяғына тұрып, толық қалпына келгеннен кейін біздің орманшылармен бірге қайтадан Усолка жайылымына жібереміз, – дейді Қайыржан Шайманов.
«Сердца Павлодара» бірлестігіне өткен тәулікте елікпен бірге төрт күшік, бір мысық түскен.