Баянауылда әйгілі тұлғалардың мерейтойы дүбірлі думанға ұласады

Баянауылда әйгілі тұлғалардың мерейтойы дүбірлі думанға ұласады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қала тұрғындары мен қонақтары үшін іс-шаралар өтетін жерге дейін автобус тасымалдауы ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Биыл Жаяу Мұсаның 190 жылдығына, Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығына, Қалмұқан Исабаевтың 100 жылдығына, Қуат Әбусейітовтің  100 жылдығына арнап үлкен той өткізіледі. Үш күндік бағдарлама түрлі шараларға толы болмақ. 

Алғашқы күні 14 тамызда 10:00-де Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияда Қуат Әбусейітовтің 100 жылдығына арналған мемориалдық тақтаның ашылуы өтеді. Келесі күні «Шаңырақ» облыстық орталығында сағат 10:00-нан кешкі 18:00-ге дейін Жаяу Мұсаның 190 жылдығына арналған «Үш жүзге атым мәлім Жаяу Мұса» дәстүрлі әншілер байқауының салтанатты ашылуы және 1-кезеңі болады.

15 тамызда мерекелеу Баянауыл ауданында жоспарлануда. Баянауыл ауданындағы Мойылды шатқалында этноауыл құрылады. Сол жерде көкпардан жарыс күні бойына созылады.

Сағат 09:00-10:30-да С.Торайғыров атындағы аудандық мәдени-сауық орталығында мерейтой иелеріне арналған  ғылыми-практикалық конференцияда Амантай Құдабаевтың «Ақ сиса» атты кітабының тұсаукесері болады. 

Кейін сол жерде сағат 15:00-ден 17:00-ге дейін Қалмұқан Исабаевтың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі мен жинақтың тұсаукесері Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығына орай, облыс қаламгерлерінің арасында сатиралық әңгімелерден өткен байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі жоспарлануда. 

16 тамызда Мойылды шатқалындағы дүбірлі той сағат 09:00-да ұлттық спорт түрлері – көкпар, қазақ күресі жарыстарынан басталады. Мерейтойдың салтанатты ашылуы сағат 10:30-ға жоспарланған. Кейін «Қазақ айтысының үш дәуірі» айтысы өтеді. Сағат 13:00-де сахна төріне тойдың басты хэдлайнері – «МузАрт» тобы шығады. 

Түскі уақытта Жаяу Мұсаның 190 жылдығына арналған «Үш жүзге атым мәлім Жаяу Мұса» дәстүрлі әншілер байқауының финалдық кезеңі болады. Одан кейін сағат 14:00-де Павлодар облысы өнерпаздарының концерттік бағдарламасы басталады. 

Сағат 15:00-де «Қазақ күресі», ал 17:00-де «Көкпар» және «Бәйге» жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді. 

Кешкі 17:00-ге дейін «Балалар әлемі» ойын алаңы жұмыс істеп, қолөнершілер және павлодарлық суретшілердің көрмесін тамашалауға болады.