Ертіс өзенінде суға кеткен ер адамды іздеу жұмыстары аяқталды
43 жастағы азаматтың денесі бүгін судан шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ер адамның денесін оқиға орнынан 4 шақырым қашықтықтан іздеу топтарының бірі тапқан.
Қайғылы оқиға 12 қыркүйекте Жаңаауыл ауылының маңында болған. Бес адам отырған темір қайық аударылып кеткен. Қайықтағы төрт адам жағаға өздігінен шығып, өздерімен бірге болған 1983 жылы туған ер адамды таппай қалған.
Іздеу жұмыстарын жүргізу үшін бірнеше топ құрылып, олардың құрамына құтқарушылар, ТЖД қызметкерлері, туыстары мен еріктілер кірді. Құтқару операциясын басқару және үйлестіру мақсатында жедел штаб құрылды. Болжамды суға кеткен жерден бастап Ертіс өзенінің ағысымен төмен қарай учаскелер тексерілді.
— Іздеу-құтқару және сүңгуірлік іздестіру жұмыстары барысында сүңгуірлер 28 рет суға түсті. Эхолоттың көмегімен өзен түбінің 38 500 шаршы метрі зерттелді. Құтқарушылар Ертіс өзенінің оң және сол жағалаулары бойымен ағыс бағытымен төмен және жоғары қарай жалпы 272 шақырым жүріп өтті, 6 жердегі үйінді бұтақтар мен ағаштарды тексерді. Жаяу жүріп, оң жағалау бойындағы 93 шақырым аумақ зерттелді, - делінген хабарламада.
Жоғалған адамның денесінің табылғаны туралы алғашқыдардың бірі болып марқұмның қарындасы әлеуметтік желіде хабарлады.
Бойжеткен қиын кезде қолдау білдіріп, іздеу жұмысына қатысқан барлық еріктілерге алғысын білдірді.
Павлодар облысының ТЖД суда болған кезде қауіпсіздік ережелерін сақтау, құтқару кеудешелерін пайдалану және ауа райы қолайсыз болған жағдайда су айдындарына шықпау қажеттігін ескертеді.