Баянауылдық әнші Ташкентте Бас жүлде жеңіп алды

Баянауылдық әнші Ташкентте Бас жүлде жеңіп алды
Фото: Баянауыл ауданының әкімдігі ұсынды

Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында «ZhuldyzArt Kazakhstan» халықаралық байқауы өтті, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Оған Қазақстанның әр аймағынан 43 топ қатысты. Сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен би топтары келген. Баянауыл ауданыңдағы Жаяу Мұса атындағы балалар өнер мектебінің оқушылары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлдемен оралды.

Ән салу бөлімінде ел намысын қорғаған Ділда Алмат «Ябеда» әнін орындап,  Бас жүлдені жеңіп алса, Ясмин Темірболат «Мен қазақпын» әнімен 1-орын иегері атанды. Жеңімпаз оқушылардың жетекшісі – Жаяу Мұса атындағы өнер мектебінің вокал мұғалімі Қамажай Ермекова. «Solis» би тобының орта топ және жоғарғы тобы бірінші орынды иеленді. Оларды хореограф-педагог Шынар Балғожина дайындаған.

Оқушылар Ташкент қаласының көрікті жерлерін аралап, есте қаларлық саяхат жасады, керемет хореографтардан сабақ алып, жаңа қимылдар үйренді. Орта топ оқушылары «Құрбылар» биі және жоғарғы топ оқушылары «Қос бұрым» билерін орындады.  Байқаудан кейін қазылар алқасы хореографтар мен оқушыларға шеберлік сағатын өткізді. Конкурс жоғары деңгейде өтті, – дейді Шынар Балғожина.

Ділда Алмат ән салу сыныбында үшінші жыл, Ясмин Темірболат  бесінші жыл білім алуда. Жас өрендер бұған дейін де республикалық, халықаралық конкурстарда жүлдеге ие болған. 

Байқау қорытындысы бойынша топқа кубок, әр балаға медаль, грамота және Стамбул қаласында өтетін байқауға қатысуға жолдама ұсынылған.