Екібастұздағы жартылай марафон Қазақстан желаяқтарын біріктірді
RWS RUN екінші халықаралық жарысы сегіз елдің мыңнан астам спортшысының басын қосты, деп хабарлайды @Pavlodarnew.kz.
RWS RUN Екібастұз үшін экономикалық жоба ретінде де маңызға ие.
Екі жыл ішінде RWS RUN спорттық бастамадан салауатты өмір салтын, өзара қолдауды және өңірдің дамуын насихаттайтын ауқымды қоғамдық оқиғаға айналды.
– Екібастұздың белсенді, заманауи әрі спорттық қалаға айналып келе жатқанын көріп отырмыз. Осы өзгерістердің бір бөлігі болғанымызға және жобалар арқылы қаланы өмір сүруге тартымды етуге үлес қосып жатқанымызға қуаныштымыз. Өзім де көп жылдан бері жүгірумен айналысамын және спорт пен белсенді өмір салтының құндылықтарын бөлісетін адамдардың саны артып келе жатқаны қуантады, – деді RWS KZ холдингі бас директорының бірінші орынбасары Роман Павлингер.
Жартылай марафонды ұйымдастырған RWS KZ теміржол холдингі Астана триатлон федерациясы мен Екібастұз әкімдігінің қолдауымен 10 және 21,1 шақырымдық қашықтықтарға арналған трассалардың Халықаралық марафондар мен жүгірулер қауымдастығының (IAAF/AIMS) ресми сертификатын қайта алды.

Биыл RWS KZ алғаш рет балаларға арналған 1 шақырымдық жарысты ұйымдастырды. Сондықтан, кәсіби спортшылар мен корпоративтік командалармен қатар, қаладағы жас тұрғындар да жарысқа қатысты. Ең жас қатысушылар жеті жаста болса, ең егде жүгіруші – 74 жастағы Мүбәрак Балтабаев болды.
Қатысушылар қатарында алғаш рет арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау жөніндегі «Үміт» орталығының тәрбиеленушілері де болды. Олар халықаралық деңгейдегі ірі спорттық оқиғаның бір бөлігіне айналу мүмкіндігіне ие болды.
– Біз осындай ауқымды шараға алғаш рет қатыстық. Маған өте қатты әсер етті. Өз қатарластарыммен жарысу қызықты болды. Келесі жылы тағы да қатысқымыз келеді, – деді орталық тәрбиеленушісі Даниил Колесников.

Жартылай марафонның ең әсерлі оқиғаларының бірі астаналық Қуаныш Бейсекеев пен оның ұлы Арсеннің қатысуы болды. Екінші жыл қатарынан әке ерекше қажеттілігі бар баласымен бірге жарыс жолына шықты. Өткен жылы Қуаныш пен Арсен табандылық пен жеңіске деген ұмтылыстың символына айналған еді.
– Біз үшін Екібастұзды қолдау маңызды болды, өйткені мұндай жарыстар мұнда жақында ғана өткізіле бастады. Қазақстанда бұл спорт түрінің дамып келе жатқанын әрдайым қолдаймыз. Біздің отбасы инклюзияны қолдайды. Қатысуымыз арқылы ерекше балалардың ата-аналарына олардың өз мүмкіндіктерін көрсетуіне жағдай жасау керектігін айтқымыз келеді, – деді ол.
Биыл RWS RUN жанкүйерлерінің қатарына Екібастұздың ірі кәсіпорындары да қосылды. Қызметкерлер жарысқа қатысып, бүкіл бағыт бойында қолдау көрсету нүктелерін ұйымдастырды.
Басқа қалалар мен елдерден келген желаяқтар қонақүйлер, мейрамханалар, такси қызметтерінің көмегіне жүгініп, сауда және ойын-сауық орындарын аралады. Шағын және орта бизнес үшін серіктес ретінде қатысу жаңа клиенттер тартуға және өздерін кең аудиторияға таныстыруға мүмкіндік берді.
– Біз үшін бұл әрі жарнама, әрі көшпелі іс-шаралардағы тәжірибе. Осындай кезде бізге көптеген қонақ келеді, егер қызметіміз ұнаса, олар тұрақты клиенттерге айналады, – деді кофе дәмханалары желісінің операциялық директоры Әділ Андауов.
Спорттық бизнес өкілдері де осындай пікірде.
– Өткен жылы дүкеніміз жаңа ашылған болатын. Бірнеше айдан кейін жартылай марафон өтіп, біз Екібастұзға серіктес ретінде қатысып көруге келдік. Осы іс-шараның арқасында біз туралы көбірек адам білді. Біздің бренд нарықта 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді және еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі осындай бастамаларды қолдайды, – деді BMAI PVL дүкенінің иесі Болат Ордабаев.
Жартылай марафон Екібастұздың халықаралық деңгейдегі іс-шараларды қабылдай алатынын дәлделдеді.