Бейтаныс адам күшпен ұстаған: Оқушыны құтқарған павлодарлық курьер марапатталды
Баланың өміріне қауіп төніп тұрды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының полиция департаментінде 9 жасар баланы психикалық аурумен ауыратын ер адамнан құтқарып қалған қала тұрғыны марапатталды.
Оқиға 2025 жылдың наурыз айында болған. Мектептен үйіне қайтып келе жатқан баланың жанына аулада бейтаныс ер адам келіп, оның артынан кіреберіске дейін еріп барған. Бірінші қабатта ол баланы ұстап алып, күшпен жібермей қойған. Дәл сол сәтте кіреберіске курьер Ерлан Жұмағұлов кіріп келген. Бөгде ер адам курьерге баланы өз ұлым деп айтқан. Алайда Ерлан баланың қорыққан көзін көріп, оған сенбеген.
– Ер адамның мінез-құлқындағы өзгерісті байқаған соң, баланы босатуға сөзбен көндіруге тырыстым, бірақ нәтижесіз болды. Ол бәрібір өз сөзінен қайтпады. Өз өміріме қауіп төніп тұрғанына қарамастан, онымен арпалысуға тура келді. Сол кезде ғана ол баланы жіберіп, оқиға орнынан қашып кетті. Полицейлер күдіктінің жеке басын бейнебақылау камералары арқылы анықтады, – дейді Ерлан.
Азаматтық ерлігі үшін Ерлан Жұмағұловты облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орынбаев Алғыс хат және бағалы сыйлықпен марапаттады.
– Сіз нағыз азаматтық ерліктің және мейірімділіктің үлгісісіз. Адамға көмек қолын созу – құрметке лайық асыл қасиет. Мұндай қадамға кез келген адам бара бермейді. Өңірімізде осындай батыл азаматтардың бары қуантады. Өскелең ұрпақ сізден үлгі алады деп сенемін, – деді полковник Орынбаев.
Ерланның ойынша, кез келген ер адам осылай істер еді.