Желмен жарысады: Павлодарлық балалар желкенді спортты меңгереді

Желмен жарысады: Павлодарлық балалар желкенді спортты меңгереді
Фото Павлодар География үйінің мұрағатынан

Оқушылар көрші өңірге халықаралық лагерьге аттанады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

 Олар жыл сайын Омбы облысының Черлак ауылында өтетін халықаралық «Достық» желкенді лагерге қатысады. Ортақ бағдарлама Павлодар География үйі мен Черлак желкенді орталығының ынтымақтастығы арқасында жүзеге асырылуда.

Жоба 2016 жылы ПавГео мен Ресей география қоғамының Омбы бөлімшесі арасында жасалған меморандумнан бастау алды.

Қоғамдық ұйым жетекшісі Александр Вервекиннің айтуынша, құжат балаларды желкенді спортқа үйрету, музей экспонаттарымен алмасу, ғылыми журналдарда мақалалар жариялау және басқа да ынтымақтастық шараларын көздейді.

Омбыдағы балалар желкенді спортпен жыл бойы айналысады, ал павлодарлықтар бұл іске жылына бір рет қана қосылады. Олар үшін бұл тек желкенді басқаруды үйрену емес, сонымен қатар жаңа достар табу мүмкіндігі, – дейді Александр Вервекин.

Жобаны жүзеге асыруға Омбы яхт-клубы мен оның директоры Сергей Щербаков белсенді атсалысып келеді. Ол «Сібір» кемесімен жер шарын бірнеше рет айналып шыққан тәжірибелі саяхатшы ретінде танымал.

Лагерь бағдарламасына көңілділер мен тапқырлар клубы, мергендік ату, футбол және қызықты кездесулер кіреді. Бірақ негізгі бағыт – желкенді спорт. Балалар Ертіс жағасына шығып, желкенді яхтаны жабдықтау, жел ұстау және желкенді басқару тәсілдерін үйренеді. Бұл – қолдың, арқаның және аяқтың күшін талап ететін спорт түрі, – деп атап өтті Александр Вервекин.

ПавГео мүшелері су туризмінің орталығын құруды армандайды. Жоба жүзеге асса, Ертіс бойында желкенді яхталар тербеліп, павлодарлықтар өзен арқылы теңізге шыға алар еді. Бірақ, бұл әзірге арман ғана. Қазір География үйінің белсенділері демеушілерді іздеуде.

Лагерьге ПавГео жанындағы үйірмелердің тәрбиеленушілері мен қоғам мүшелерінің балалары қатысады. Омбыға бара алмайтындар үшін этнографиялық, археологиялық, геологиялық экспедициялар мен экскурсиялар қамтылған мазмұнды бағдарлама дайындалған.

– Балалар клубтары Павлодар қаласында, Қозыкеткен, Ефремовка, Новочерноярка ауылдарында жұмыс істейді. Әрине, барлығы Омбыға бара алмайды, өйткені іріктеу талаптары бар. Бірақ, оларды қызықты экспедициялар күтеді, – дейді Александр Вервекин.

Жақында Павлодарда «Агат» атты балалар геологиялық студиясы ашылды. Студия бағдарламасы шеңберінде тәрбиеленушілер далалық экспедицияларға аттанады. Мысалы, жақын арада жас өлкетанушылар Аққулы ауданына сапар жасап, гипс раушандары сияқты табиғаттың таңғажайып құбылысын тамашалайды. Сонымен қатар, түрлі минералдар мен тастардың қалыптасу тарихымен танысып, зерттеулер жүргізеді.