Қысқа дайындық: Павлодар облысында отындық ағаштың бағасы қанша?

Қысқа дайындық: Павлодар облысында отындық ағаштың бағасы қанша?
ЖИ иллюстрациясы

Бүгінде отындық ағашты сатумен бірнеше орман иеленуші ұйым айналысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде жылыту маусымы басталғалы жеке үйлерді отынмен қамту мәселесі өзекті болып отыр. Бүгінгі таңда аймақ тұрғындарын отындық ағашпен бес мемлекеттік орман иеленушісі қамтамасыз етеді. Олардың қатарында «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, сондай-ақ Павлодар, Максим Горький және Үрлітүп ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемелері бар.

Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің бас маманы Альмира Жингулованың айтуынша, отындық ағаш сатып алу үшін азаматтар тиісті мемлекеттік орман иеленушіге немесе аумақтық тиесілігі бойынша орманшылыққа өтініш беруі керек. Өтініш қаралғаннан кейін төлем жүргізіліп, ағаш сүрегін босатуға қажетті құжаттар рәсімделеді.

Маманның айтуынша, орта есеппен бір отбасы шамамен 5 текше метр отындық ағаш алады. Алайда бұл барлық тұрғынға ортақ белгіленген норма емес. Нақты көлем азаматтың өтінішіне, қолда бар ағаш сүрегінің мөлшеріне және мемлекеттік орман иеленушінің мүмкіндігіне қарай анықталады.

— Биыл бір текше метр отындық ағаштың бағасы мекемеге және оны дайындау тәртібіне байланысты өзгереді. Мәселен, «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында бір текше метр ағаш 4 мың теңге болса, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде баға 5,3 мың теңгеден басталады. Ал Павлодар, Максим Горький және Үрлітүп мекемелерінде бір текше метр отындық ағаш 3 мың теңгеден сатылады, - дейді бас маман.

Атап өтерлігі, бағадағы айырмашылық ағашты дайындау және босату тәртібіне де байланысты өзгереді. «Ертіс орманы» мен Баянауыл ұлттық паркінде тұрғындарға алдын ала дайындалып, орман кесу учаскелерінің жанындағы қоймаларға жиналған ағаш сүрегі босатылса, Павлодар, Максим Горький және Үрлітүп мекемелерінде азаматтарға белгіленген орман кесу учаскесінде ағашты өздері дайындауға рұқсат беріледі.

— 2026 жылы Павлодар облысында жалпы 38,8 мың текше метр ағаш сүрегін дайындау жоспарланған. Қазіргі таңда оның шамамен 41 пайызы игеріліп, 145 ағаш кесу билеті берілген. Ағаш дайындау жұмыстары табиғи жағдай мен орман учаскелерінің қолжетімділігіне қарай жүргізіледі. Жайылма ормандардағы жұмыстардың негізгі бөлігі қыс мезгілінде орындалады. Себебі тұрақты мұз жамылғысы қалыптасқан кезде техниканың орман кесу учаскелеріне жетуі жеңілдейді, - деді Альмира Жингулова.

Осы ретте бас маман қураған немесе жел құлатқан ағаштарды тұрғындардың өз бетінше жинауға болмайтынын, ең әуелі тиісті құжаттарды рәсімдеу керектігін атап өтті. 

Ал Павлодар, Максим Горький және Үрлітүп мекемелерінде тұрғындар ағашты белгіленген учаскеде өздері дайындай алады. Бірақ бұл кез келген уақытта орманға барып, қалаған ағашты кесуге болады дегенді білдірмейді.

Алдымен азамат өтініш береді, төлем жасайды және қажетті құжаттарды рәсімдейді. Одан кейін оған нақты орман кесу учаскесі мен босатылатын ағаш сүрегінің көлемі белгіленіп, отын дайындауға келетін күні тағайындалады. Отын жинаушының басқа учаскеге өз бетінше өтуге, босатуға арналмаған ағаштарды кесуге немесе белгіленген орман кесу учаскесінен тыс жерде ағаш дайындауына болмайды.

Ал «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты мен Баянауыл ұлттық паркінде тұрғындарға алдын ала дайындалған ағаш сүрегі босатылады. 

— Ағаш сүрегін босату міндетті түрде құжатпен рәсімделеді. Төлем жасалғаннан кейін азаматқа отынға арналған ағашқы босатуға арналған жүкқұжат беріледі. Онда босату күні және ағашты тасымалдайтын көлік құралы туралы мәліметтер көрсетіледі. Жүкқұжатқа төлемді растайтын чек қоса беріледі, - деді ол.

Маман қазіргі уақытта Павлодар облысында отындық ағашқа тапшылық жоқтығын атап өтті. Дегенмен жылыту маусымына дайындалатын тұрғындарға отынды алдын ала сатып алып, қажетті құжаттарды уақытында рәсімдеу керектігін еске салды.