Павлодарда алғаш рет жұмысшы мамандық иелері өзара бақ сынасты

Павлодарда алғаш рет жұмысшы мамандық иелері өзара бақ сынасты
Фото: автор

Әр салада шеберлігімен ерекшеленген 20 қатысушы іріктелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

«Еңбек Батыры» байқауына өңірдің түкпір-түкпірінен келген 30-дан астам қатысушы ниет білдіріп, ішінен 20 үміткер іріктеліп, ақтық сынға жолдама алды. Олар – металл жонушы, дәнекерлеушілер, электриктер, механиктер, лаборанттар мен өндіріс шеберлері сияқты түрлі мамандық иелері. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде үміткерлер өздерінің кәсіби бейнероликтерін, портфолиосын және қысқаша анкеталық мәліметтерін ұсынды. Екінші кезеңде қатысушылар офлайн форматта өз жобаларын, жетістіктерін, еңбек жолындағы жаңашылдықтарын әділқазылар алқасы алдында презентация арқылы қорғады.

Марапаттау шарасы облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікованың құттықтау сөзімен ашылды. 

– Жұмысшы мамандықтар – ел экономикасының қозғаушы күші. Қарапайым еңбек адамы – біздің байлығымыз, ал жастар  болашағымыз. Байқау еңбек адамының мәртебесін көтерудің нақты көрінісі, – деп атап өтті ол.

Байқау нәтижесі бойынша бірінші орынға «KazMinerals Bozshakol» компаниясында электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету учаскесінің шебері Алиасхан Жеңісбеков ие болды. Биыл ол кәсіпорындағы диірмендерінің шекті ажыратқыштарының орналасу схемаларын SCADA жүйесінде интеграциялауды жүзеге асырды. Алиасхан бала кезінен ток, құрылғылар, электроника әлеміне қызығып өсті. 

– Бұл қалай жұмыс істейді, қалай жөндейді деген сұрақтар мені мазалайтын. Уақыт өте келе бұл қызығушылығым сүйікті ісіме айналды, – деді Алиасхан Жеңісбеков. – Байқау мен үшін тек марапат емес, үлкен жауапкершілік. Алда әлі де жаңа белестер күтіп тұр. Қарапайым еңбекті бағалап, осындай шаралар ұйымдастырғандарға алғысым шексіз

Бүгінде ол өндірістің тоқтап қалмауы үшін жауапты маман. Техникалық үзілістерді болдырмау, ақаулардың алдын алу бағытында бірнеше жаңашылдық енгізіп, процестерді оңтайландыруға атсалысқан. Компания да оның еңбегін ескеріп, осы байқауға өз атынан қатысуға ұсынған.

Ал екінші орынды Қазақстан алюминий зауыты, электролиз цехының ауысым шебері Елдос Жұмабеков, үшінші орынды «Шығыс» көмір кенішінің «Фестивальная» станциясының өндірісін ұйымдастыру жөніндегі менеджері Ольга Кенжаева және «Нефтехим LTD» ЖШС химиялық талдаудың аға жетекші зертханашысы Жәмила Буламбаева иеленді.